Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі үдеден шықты

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған сәттен бастап үш жылдың ішінде ауқымды шаруа атқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, қазақстандықтардың өмірін өзгертуді көздейтін шешімдер осы кеңесте көтерілген еді. Әсіресе соңғы үш жылда елімізде күрделі реформаларды іске асыруда кеңестің рөлі жоғары болды.

Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:

- Әсіресе, бұл саяси реформаларға қатысты. Мысалы ауыл әкімдерін сайлау. Былтыр ғана өтті, 800-ден астам ауыл әкімдері сайланды. Осы реформаның барысы, оның ұсынылуы, заңды тұрғыда бекітілуі, сайлау туралы заңның өзгеруі. Мысалы, партия құру үшін осыдан 2-3 жыл бұрын естеріңізде болса, 40 мың адамның одан кейін 20 мың адамның қолын жинау міндетті болды. Қазір мысалға 5 мың адамның қолын жинау жеткілікті. Осы сияқты күрделі саяси реформалардың барлығы да кеңес мүшелері тарапынан ұсынылды, талқыланды.

Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын, студенттердің шәкіртақысын өсіру. Зейнетақы қорында артылған қаржыны баспана мен дәрігерлік ем-домға жұмсау, жергілікті әкімдікті ескерте отырып, бейбіт шеру ұйымдастыру. Бұл – ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қаралған әлеуметтік реформаның бір парасы ғана. Ал Ұлттық құрылтай халық игілігіне бағытталған осы іс-шараларды жалғастыра бермек. 

Талғат Қалиев, саясаттанушы:

- Құрылтайдың форматы бөлек болады. Онда аймақтардың мүддесі кеңінен қамтылмақ. Яғни, әлеуметтің түрі тобы мен әртүрлі этностардың өкілдері құрамына кіреді. Елдің стратегиялық даму мәселелері талқыланады.

Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:

- Кеңестің негізгі жұмысы, қысқа уақытта саяси реформаларды, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жұмыс істеген болса, ал енді құрылтай, өздеріңіз көріп отырсыздар 100-ден астам ел азаматтары мүше болды. Бұл енді Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перстпективаларын айқындайтын болады. Қазір екінші ерспублика деп жатырмыз, Жаңа Қазақстан деп жатырмыз. Осы бағытта еліміз қалай дамиды? Алдағы ұзақ мерзімді басымдықтарды анықтап, осы құрылтайда көтерілетін болады

Еске сала кетсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халықтың мұңына құлақ асып, қордаланған мәселені қағаз жүзінде емес, іс жүзінде шешуді көздеген еді. Инаугурациядан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған орган. 2019 жылдан бері кеңес мүшелері 90 құқықтық-норма қабылдады. Өңірлерді аралап сауалнама-зерттеу жүргізумен қатар, қоғамдық сенімді нығайту мақсатында түсіндірме жұмыстарын іске асырды. 

Авторы: Ерлан Наурызбаев