«Amanat» партиясы құрған комиссия жерді қайтаруға көмектесті

Халықтың көбі несиеге байланған. Ал өз бетіңмен мал табам десең де қиюы келмейтін дүние көп.

Төрт түліктен рахат көрем деген шаруалар жайылым таппай жүр. Түркістан облысындағы ауылдардың айналасы түгел егістік алқап. Сондықтан тұрғындар қолда бар малын ұзатып шығара алмайды. Кейбірі баға алмаған соң сатып та жатыр. Бұл өңірде мал жаюға 3 млн гектар жайылым қажет. Бұған дейін пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген жер телімдерін мемлекетке қайтару үшін "Amanat" партиясы жанынан арнайы жер комиссиясы құрылған. Құрамында депутаттар, Бас прокуратура өкілдері және тәуелсіз сарапшылар бар. Олар бүгін облыс тұрғындарымен кездесіп, мәселені талқылады. Бір айтары, арнайы комиссия бұған дейін Қарағанды, Жамбыл және осы Түркістан облыстарындағы 140 мың гектар жайылымды мемлекет меншігіне қайтарған.

Мәмірхан Юлдашев, Сауран ауданының тұрғыны:

- Өзім Ескі иқан ауылында тұрамын. Мал жаятын жер жоқ. Себебі елді мекеннің айналасы суармалы жермен қоршалған. Оның арғы жағында ортақ жайылым жоқ. Ол бір қожалықтың болмаса, ірі кәсіпкердің жайылым жері. Сол жерлерді ортақ жайылымға алмаса, үйде мал ұстау бүгінгі күнде мүмкін емес.

Дәулет Кәрібаев, "Amanat" партиясының хатшысы:

- Жерге байланысты партияға 600-ден астам арыз түскен. Түркістанда облыстық жер комиссиясын құрамыз. Сол «Жер аманаты» комиссиясы осындай мәселелердің барлығын қарап беріп отыратын болады. Заңға мынадай ұсыныс енгізсе, кадасторлық номерлер былай берсілсе деген ұсыныстар беріп жатыр.