Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен ЕҚЫҰ жанындағы бюро меморандумға қол қойды

Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі меморандум.

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Маттео Мекаччи осындай құжатқа қол қойды. Бұл омбудсмен институты үшін алғашқы дипломатиялық құжат. Соның арқасында елде адам құқықтарын дамытып, құқық қорғаушылармен арадағы ынтымақтастықты күшейту көзделген. Сонымен қатар азаматтар өз пікірін жеткізе алатын бірлескен платформа құру да жоспарланған.

Эльвира Әзімованың айтуынша, бұл істе басымдық халықтың осал топтарын, оның ішінде балалар, әйелдер, мүгедектігі бар адамдарды қорғауға беріледі.

Маттео Мекаччи, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры

- Соңғы уақытта маңызды оқиға көп болды. Соның бірі қаңтардағы қақтығыс. Сол кездегі зорлық-зомбылық пен биліктің әрекетіне қатысты алаңдаушылық болды. Қазір біз адам құқықтарының сақталуы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әсіресе тергеу үстінде жүрген азаматтардың. Бұдан бөлек жақында конституциялық реформа өтті. Біз мұнда тек үкіметтің жұмысын бағалап не сынға алып қана қоймай, оған өзгерістерді жүзеге асыруда қолдау білдіруге келдік. Бүгінгі меморандум омбудсменнің жұмысын қолдауға бағытталған. 

Эльвира Әзімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Бұл Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының одан әрі дамуына, тұрақты негізде халықаралық қолдауға ие болуымызға серпін береді. Мемлекет басшысы азаматтарға өз құқықтарын қалпына келтіруге және қорғауға жәрдемдесуге міндетті тәуелсіз институт ретінде адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтын нығайту қажеттігін айтқан болатын. Бүгінгі меморандум соны жүзеге асырудағы құрал.