ТҮРКПА-ның 2028 жылға дейінгі жоспары мақұлданды

ТҮРКПА-ның 2028 жылға дейінгі жоспары мақұлданды

ТҮРКПА-ның атауы «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» деп өзгерді. Бұл туралы қырғыз елінің Чолпон-Ата қаласында өткен «Парламенттік дипломатия – сенім мен әріптестіктің негізі» атты ұйымның ХІ пленарлық отырысында мәлім болды. Жиынға еліміздің мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол жиынның түркі мемлекеттері арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Ал ұйым төрағалығы Қазақстаннан Қырғыз Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды. Сондай-ақ түркі ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды. 2028 жылға дейінгі стратегиялық жоспар да мақұлданды.  Қазақстан Парламентінің бастамасымен бірлестікке мүше елдердің ұлттық заңнамаларын жақындастыруға бағытталған әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша модельдік заң және Чолпон-Ата декларациясы қабылданды. Ал ТүркПА-ның келесі отырысы 2023 жылы Түркияда өтеді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз, парламентарийлер, мемлекет басшыларымыздың бастамасына сәйкес ТүркПА-ның да атауын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» деп өзгерткелі отырмыз. Бұл ребрендинг, бұл жаңару біздің Ассамблеяның  жаңа форматта жан-жақты дамуына ықпал етері сөзсіз. Біздің мүддеміз ортақ. Басты мақсатымыз – Еуразия кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтай отырып, мызғымас берік байланыстарды дамыту. Парламенттік дипломатияның халықаралық саясаттағы орны ерекше. Бүгінде оның мүмкіндіктерін түрлі халықаралық платформаларда ортақ мүдделерімізді ілгерілету және түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын арттыру үшін пайдалану өте маңызды.