Бакуде Қазақстан, Әзербайжан және Түркия министрлерінің кездесуі өтті

Басқосуға Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиын әлемдегі геосаяси жағдайдағы логистикалық және сауда қатынасының өзгеруіне байланысты үшжақты транзиттік-көлік бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталды. Нақты ұсыныстар айтылып, мәселелерді оңтайлы шешудің тиімді жолдары ұсынылды. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірлесіп арттыру мақсатында бірқатар бастамаларға жан-жақты тоқталды. Келесі кездесу биыл Қазақстанда өтеді.

Мұхтар Тілеуберді, Қр Сыртқы істер министрі:

- Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, мемлекеттеріміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін жаңа маңызды мәні бар Транскаспий халықаралық көлік бағдарына ерекше назар аудардық. Оларды дамыту жөніндегі негізгі бағыттарға деген көзқарастарымыздың ортағын  қанағаттана атап өтемін. Бүгінгі келіссөздер тараптардың үкімет деңгейіндегі тікелей байланыстарды күшейтуге өзара мүдделілігін растады. Барлық тараптар екіжақты сауда көлемін тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, тауар айналымына 3 елдің нарығында сұранысқа ие өнімдерді тарту арқылы оның құрылымын әртараптандыруға ниет білдірді.

Джейхун Байрамов, Әзербайжан Сыртқы істер министрі:

- Елдеріміз арасында өте берік әрі достық қарым-қатынас орнаған. Кездесуде көлік байланысы мен жүк тасымалын дамыту мәселелерін талқыладық. Аймақта барлық бағыт бойынша көлік байланысын құру және қазіргі проблемалардың алдын алу өте маңызды.