Қ. Тоқаев: Қант тапшылығы – Үкіметтің есептеудегі қателігі

Нарық 90 пайыз импорттық қантқа тәуелді. Бұған дейін пайдалануға берілген жеті зауыттың бүгінде төртеуі ғана жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі қант мәселесіне тоқталды. Сауда орындарында талас тудырған тәтті өнім тапшылығы өткір мәселеге айналды. Тығырықтан шығу үшін  ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қызылша қантының үлесін 6 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Дегенмен соңғы төрт жылда қант қызылшасының алқаптары үштен бірге қысқарған. Жауаптылар дер кезінде тиімді шешім таба алмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімдерге сілтеме жасауға болады, бірақ бұл, қалай болғанда да, Үкіметтің санаудағы қателігі. Бұл олардың мемлекеттің ұстанымын қорғамағанын білдіреді. Үкімет тез арада қант өнеркәсібін дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеуі қажет. Мақсат – импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендету, өзін-өзі қамтамасыз етуге кезең-кезеңімен көшу. Бұл салаға отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық айтарлықтай жоғары, дұрыс тәсілдер қажет.