Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі

Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзін жариялады. 

Құрметті Үкімет мүшелері!

Құрметті жиынға қатысушылар!

Күрделі геосаяси сын-қатерге қарамастан, еліміз бір қалыпты дамып келеді. Мұны жарты жылдық нәтижеден көріп отырмыз. Экономика 3,4 пайызға, ал нақты сектор 4,1 пайызға өсті. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Дегенмен, инфляция да бір орында тұрған жоқ. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті.

Бірінші жарты жылдықта экономикамыз қалпына келді. Бірақ халықаралық институттар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Сондықтан, Үкімет ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тиіс. Ең бастысы, азаматтардың нақты табысын арттыру қажет.

Құрметті әріптестер!

Жалпы, еліміздің экономикасы сын-қатерлерге төтеп беріп жатыр деуге болады. Қазір халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар. Осындай жағдайда Үкіметтің және Ұлттық Банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.

Енді нақты міндеттерге тоқталайын.

БІРІНШІ. Инфляцияны тұрақтандыру

Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр.Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр.  Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек.

Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ.

Келесі мәселе.

Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды.  Дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық.

Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет.    Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс.

Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сө