Елімізде күзге қарай дизель отынының тапшылығы туындауы мүмкін

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселені көтеріп, бұған жол бермеу керектігін қадап айтты. Сондай-ақ Президент мұнай өнімдері мен электр энергиясы тарифтерінің шарықтауын болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық мұнай өңдеу зауыттарында үнемі жөндеу жүргізілетініне қарамастан, жыл сайын елде дайын өнімнің жетіспеушілігі байқалады. Президенттің бастамасымен ұйымдастырылған тексеріс нәтижесінде көптеген кәсіпорын жоспардан тыс жұмыс істемей тұратыны анықталды. Атырау, Шымкент және және Павлодар зауыттарында осындай деректер тіркелген. Ал өнімді сатудан түсетін табыстың басым бөлігі делдардардың қолында қалады. Одан зардап шегіп отырған қарапайым халық. Өйткені бензин мен дизель бағасы шарықтап барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жылда астық жинау науқаны кезінде шаруаларға дизель отыны жетпей жатады. Үкімет бұл ахуалды отынның басым бөлігін көрші мемлекеттердің азаматтары сатып алуымен түсіндіреді. Бірақ бұл мәселенің түп-тамыры әлдеқайда терең жатыр. Бізде мұнай өнімдерін басқа елдерге жіберудің схемасы бар. Қаржы мониторингі агенттігі тексеріс жүргізу қажет. Ал Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне шетелге кететін өнім бағасын реттеуді тапсырамын.

Ал келер жылы елде газ тапшылығы болуы әбден мүмкін. Өткен 10 жылда қазақстандықтар 2 газды екі есе көп пайдалана бастады. Қазірдің өзінде халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 19 миллиард текше метр өнім керек. Сол себепті, газ өндірісін әлдеқайда ұлғайту көзделіп отыр, деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Газ өндіру мен оны өңдеу көлемін арттырсақ қана мемлекет халықты қамтамасыз етіп, өнімді сыртқа саудалай алады. Ол үшін жүйелі шаралар жүргізу керек. Жыл соңына дейін сұйытылған мұнай газының бағасын реттеп отырамыз. Алайда мұндай шешім келешекте газ тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл нарық заңы. Сондықтан Үкімет газды саудаға шығарудың жаңа тәсілдерін ойластырсын.

Электр энергия тарифтері де өседі. Жақында оған қойылған мараторий мерзімі аяқталды. Осы орайда Президент аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету қажеттілігін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев Отбасының әлеуметтік картасын жөнге келтіріп, цифрлық карта мен әлеуметтік әмиян жобаларын іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ ол елдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жобаларды аяқтап, Оңтүстік және Батыс аймақтардағы энергожүйелерді күшейту керек екенін айтты.

Авторлары: Дариға Ташенова, Самат Әубәкір