Инвестиция тарту қарқыны баяу – Мемлекет басшысы

Президенттің елімізге инвестиция тарту қарқынына көңілі толмайды. Үкіметке өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалар пулын дайындап, оны әлеуетті инвесторлармен пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бұл жұмыс әлі де кездесулер деңгейінде қалып отыр. Нақты нәтиже жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Елімізде жер қойнауын игеруге инвестиция тарту керек. Алайда Үкімет минералдық ресурстардың цифрлық деректер базасын құруға құлықсыз. Тіпті жеке министрлік құрылды, қаражат бөлінді, бірақ бұл маңызды жұмыс аяқсыз қалды, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жобалар алдымен аймақтарда іске асып жатыр. Сондықтан инвестиция тартумен оны жүзеге асыру нәтижесі әкімдерден де сұралады. Бізде арнайы ынталандыру жоспары бар. Басты мақсат еліміздің геологиялық кешенінде ашықтықпен тиімділікті жүзеге асыру керек. Біз бұл туралы әрдайым айтып келеміз.