Түркиядағы қандастар. Ұлы көшке 70 жыл

Түркияда ұлы көштің 70 жылдығы тойланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің түкпір-түкіпірінде шамамен 8 миллионға жуық қандасымыз өмір сүреді. Алтай асып, Гималайдан өткен қатерлі де қайғылы көш басынан сан түрлі жағдайды өткерді. Жан сауғалап жүріп қашты, қашып жүріп соғысты, соғысып жүріп жақынын жоғалтты. Көш ақырында Түркияға жетіп орнықты. Одан бертінде де Анадолы талай қандасты бауырына басты. Көп көштің бірі осы елге осыдан 70 жыл бұрын табан тірепті. Айтулы датаға орай, Ыстамбұлда дүбірлі той өтті.

Анадолыдағы қаракөз қандастарымыз Қазақстанды – атажұрт, Түркияны – анажұрт деп ерекше құрметтейді. Осыдан 70 жыл бұрын Алтайдан Такламакан шөлі арқылы Гималайға, Үндістаннан Пәкістанға, одан әрі Араб теңізімен Иракқа бет алып, соңында Түркияға табан тіреген. Ыстамбұлдағы келелі жиын 1952 жылы қазақтарды қабылдау жөнінде шешім қабылдаған Түркияның бұрынғы Премьер-министрі Аднан Мендереске құрмет көрсетіп, еске алумен басталды. Алыстағы жұрт өздеріне қамқор болған саясаткердің қабірін зиярат етіп, рухына құран бағыштады.

Ресми рәсімнен кейін Қазақстан, Еуропа мен Түркиядан келген екі мыңға жуық қазақ табиғат аясында бас қосты. «Қазақдер» қоғамдастығының ұйытқысымен өткен іс-шарада ақжаулықты аналар шашу шашып, ер кісілер табақ тарту дәстүрін орындады. Мұндай жоралғыларды, әсіресе жастарға көрсету маңызды. Қазақстан шетте жүрген қандастарымыздың мұндай бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы:

– Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі осы – Түркиядағы қазақтарға, қандастарға қолдау көрсету. Былтыр Ыстамбұлда өткен түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та осы қазақтарға қолдау көрсеткен Түркияның бұрынғы премьер-министрі Аднан Мендереске және түркі халқына алғыс білдірген болатын. Ал биыл болса, Алматы және Түркістан қалаларында Аднан Мендерстің аты екі көшеге берілді. Жалпы біз осы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

Абдуллаһ Өздемир, Ыстамбұл Бағжылар ауданының әкімі:

– Осындай ерекше іс-шара ұйымдастырған қазақ бауырларымызға алғысымды білдіремін. Ыстамбұлдың Зейтінбұрны, Бағжылар, Күчүк Чекмеже сияқты бірнеше ауданында қазақтар тұрады. Олармен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Өзімнің де университеттен бері келе жатқан қазақ досым бар. Алдағы уақытта да қазақ бауырларымызбен байланысымыз нығая беретініне сенімдімін.

Түркиядағы қазақтардың дәл осылай көпшілік боп басқосуы көптен бері болмаған. Сондықтан бүгінгі жиын, әсіресе жастар үшін өте маңызды дейді ұйымдастырушылар.

Берекет Четин, «Қазақдер» қоғамдастығы төрағасының орынбасары:

– Бұл жердегі мақсат үлкен ата- апаларымызды жастармен таныстырып, басын қосып, қазақшылықты үйретіп, қазақ рухын көтерейік деп отырмыз. Жас қоғамбыз. Құрылғанымызға үш жыл болды. Жастардың басын қосайық деп, бір-бірімізге көмек беру үшін, танысу үшін аға-апаларымен танысып, үлкен-кішіні, кіші- лкенді білсін деп жасалған жоспар болатын.

Еуропаға қазақтардың басым бөлігі осы Түркиядан қоныс аударған. Түріктің Маниса қаласында туған Махмуд Саваш 1980 жылдары Францияға көшкен.

Махмуд Саваш, франциялық қандас:

Құрылтай болды. «Отандастар» қорымен бірге жасадық. Алхамдулиллах жақсы өтті. Одан бұрын наурызды тойладық.

Сондай-ақ жиында Түркістаннан келген Атамекен ұлт-аспаптар ансамблі ән айтып, күй тартып, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Бұдан бөлек, қаралы көштің сирек кездесетін суреттерінен құралған көрме ашылып, тарихы түсіндірілді. Іс-шарада бүлдіршіндер де ұмытылмады. Балақайлар ойын ойнап, қаражорға биін мың бұрала орындады.

Айта кеткен жөн, Ұлы көштің 70 жылдығына арналған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта Анадолы жерінде осындай бірнеше іс-шаралар легін ұйымдастыру көзделген.

Авторы: Меруерт Қанағат