Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне 50 елден жүзден астам делегация қатысады

Ел астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің басталуына 1 апта қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатысушылар тіркеуден өтіп, жер-жаһаннан келетін журналистер де аккредиттелді. Съездің ресми өкілі Назым Жанғазинова дайындықтың жан-жақты жүріп жатқанын айтады. Биыл съездің негізгі ресми бөлігі дәстүр бойынша Бейбітшілік және келісім сарайында болмайды. Оны ұйымдасырушы тарап жылдан жылға шараның беделі артып, ауқымы кеңейе бастағанымен байланыстырады. Қатысушылар саны едәуір артуына байланысты, бас қаладағы сыйымдылығы ең үлкен ғимарат таңдалып отыр.

Рим Папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет сапар жасап, съезд жұмысына арнайы қатысады. Әл-Азһардың бас имамы Шейх Ахмад ат-Тайеб шараның басты қонақтары қатарында. Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл және әлемнің басқа да белді дін басшылары. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Біріккен ұлттар ұйымы, Өркениеттер альянсы. Бұл – съезге қатысуға ниет танытқан үлкен тізімнің бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, 100-ден аса делегация айтулы шара қарсаңында қазақ жеріне табан тірейді.

Назым Жанғазинова, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің ресми өкілі:

– 14-15 қыркүйек аралығында астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтпекші. Осыған дейін 6 съез өтті. 2003 жыды І съезге 17 делегация қатысты 10 елден. Бүгінгі таңда 106 делегация 50 мемлекеттен келе жатыр. Жыл сайын қызығушылық артуда, өйткені делегацяның да мемлекеттердің де саны көбеюде. Қонақтардың барлығы қыркүйектің 13-нен бастап келе бастайды. Сонымен қатар бүкіл әлемнен 180-ге жуық халықаралық БАҚ-тан журналистер келе жатыр.

Бұл тізімде CNN, Блумберг, Евроньюс, ӘлЖазира секілді алпауыт ақпарат жаршылары бар. 526 журналист тіркеуден өтті. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары әзірден бастап құлақ түріп отыр. Себебі съезд - қатысатын саяси және дін лидерлерінің мәртебесі мен деңгейі жағынан да тарихи шара болмақ.

Назым Жанғазинова, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің ресми өкілі:

– Өздеріңіз білесіздер, оған дейін осы Бейбітшілік алаңында өтетін. Енді біз осы жылы локацияны өзгерттік. Тәуелсіздік сарайында өтеді. Барлығына ыңғайлы, қолайды болсын деп. Делегация саны да, журналистер де өте көп.

Съезд тарихына үңілсек, алғашқы жиынның табысты өтуі арнайы ғимараттың салынуына себеп болған еді. Ол «Бейбітшілік және келісім сарайы». Сәулет туындысы әр жылдары 5 рет меймандарды қабылдап, тұрақты түрде диалог алаңын ұсынды.

Назым Жанғазинова, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің ресми өкілі:

Бұл съездің тақырыбы өзгеше. Ол адамзаттың постпандемия кезеңіндегі рухани дамуына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ықпал етуі жайында болады. Панемия кезі, жалпы осы әлемде көптеген конфликттер болып жатыр. Сондықтан да осы алаңды қолдана отырып, көшбасшылардың барлығы әлемді бейбітшілікке, достыққа шақырады деген сенімдеміз. Пандемия болды, екі жылға жылжытты, сондықтан сұрақтар көп жинаып қалды, проблемалар да көбейіп қалды, соның барлығы да осы алаңда талқылануы тиіс.

Халықаралық арена алдында Қазақстан 100-ден астам этнос пен 18 конфессияның өкілі мекендейтін зайырлы мемлекет ретінде танымал. Әлем халықтары елімізді көпэтносты және толерантты мемлекет деп біледі. Съезде бейбітшілікті қамтамасыз етуге, диалог пен ынтымақтастық идеологиясын ілгерілетуге қатысты мәселелер талқыланады. Қазір әлемде тұрақсыз геосаяси дағдарыс орын алып отыр. Көшбасшылардың келіссөздер жүргізуі және ымыраға келуі аса қиын. Сондықтан бұл алдымен - әлемнің әр түкпіріндегі өзекті мәселелерді шешуге деген ұмтылыс.

Авторлары: Рухани Асқар, Еламан Мұстафа