Шанхай сегіздігі сауда жолдарын дамытады 

Шанхай сегіздігі инвестицияаралық ынтымақтастықты арттырады. Қытай Өзбекстанның қазба байлығы саласына қомақты қаржы құйса, Қазақстан серіктес елдерге транзиттік әлеуетін ұсынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Каспий арқылы Иранға кейін Парсы шығанағына шығу жолы бар. Самарқанд саммитінде тараптар экономикалық ахуалды реттеумен қатар, сауда кедергілерін азайтуға уағдаласты.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Қазақстан секілді Өзбекстан үшін де Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сыртқы экономикалық бастамаларды жүзеге асыратын алаң. Серіктес мемлекеттермен экономикалық жобалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Осы жолғы саммит кезінде Қытай, Ресей және Иранмен құны ондаған миллиард долларлық келісімдер жасалды. Бұдан бөлек, Шанхай сегіздігі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сеп. іргедегі Ауғанстандағы ахуалды реттеуге ұйым мүшелері жан-жақты атсалысып келеді. Ал жоғары деңгейдегі кездесулер елдің туристік тартымдылығын арттырады.

Саммит әлемдегі және өңірдегі геосаяси жағдайдың ушығуына қарамастан көздеген мақсатына жетті. Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері шекарадағы ахуалын жүзбе-жүз талқылауға мүмкіндік алса, көлік-транзиттік, энергетикалық саладағы серіктестер жаңа жобаларын талқылады. Өзбекстанның мұнай-газ саласына енді қытайлық инвесторлар келеді. Екі ел басшысы құны 15 миллиард долларлық құжаттарға қол қойды.

Ұлықбек Хасанов, экономика және дипломатия университеті кафедра меңгерушісінің орынбасары:

– Қытайдың өңірдегі энергетикалық жобаларды жүзеге асыруы синергиялық мәнге ие болады. Себебі барлық тараптың пікірі ескеріледі. Екі жаққа да тиімді болады. Өзбекстан серіктес мемлекеттердің экономикалық мүмкіндігін барынша қолдануды көздеп отыр. Қазіргі жағдайда бір мемлекеттің өркендеп дамуы тұтастай өңірге пайдасын әкелетінін дәлелдеп отыр.

Өзбекстан серіктес мемлекеттердің көлік-транзиттік әлеуетін пайдаланып, тауар тасымалын ұлғайтуды көздейді. Шанхай сегіздігіне мүше Қазақстан мұндай бастамаларды әрдайым қолдауға дайын. Географиялық тұрғыда біздің ел қолайлы ахуалға ие. Қытай, Ресей, қала берді Иранға да Каспий арқылы тікелей транзиттік жолдар бар. Шығыстағы көршімізбен үшінші теміржол өткелін салу көзделіп отыр. Демек көлік дәліздерінің пайдасы ұлғая түседі. Ал Өзбекстан арқылы Пәкістанға төте жол ашу Шанхай ынтымақтастығы ұйымының ортақ жоспарына айналды. Оны жүзеге асыру әзірге мүмкін емес. Арадағы Ауғанстанның ахуалын реттеу міндеті тұр.

Владимир Норов, Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрі:

– Самарқанд саммитінде мемлекет басшылары халықаралық тауар тасымалы тізбегінің тұрақтылығын сақтау туралы мәлімдемені қабылданды. Бұл пандемиядан кейінгі кезеңде ұйымға мүше елдердің экономикасын қалпына келтіруге сеп. Құжатта сауда саласындағы кедергілерді азайтуға деген ортақ ұмтылыс көрініс тапты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы келешекте қандай да саяси не экономикалық блокқа айналмайды. Бірлестік құрамы кеңейген кезде де осы мақсат-мүддесі өзгеріссіз қалады. Мемлекеттер тек экономикалық және қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жобаларға басымдық береді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов