Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды

Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды

Атап айтсақ, Сити, Голдман Сакс, Наздак, Ауэрбаг Грейсон енд Компани, Франклин Темплтон, Брайтлайт Капитал және бұдан да басқа ірі компания басшыларымен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық қаржы алпауыттарына біздің елдегі ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы айтты. «Бұл маңызды өзгерістердің қаржы-экономика секторына ықпалы зор» деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бизнес пен қаржы институттары үшін бұл нені білдіреді?  Бұл нарыққа шығу жолын кеңейту мен ашықтықты қаматамасыз ету. Жалпы, жеке сектор мен халықаралық серіктестер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу дегенді білдіреді. 

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың маңызды секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы Қазақстанның мүмкіндіктері зор екенін де атап өтті. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен ынтымақтастықтың келешегіне тоқталды. Президент Қордың активтерін жекешелендіруге байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылатынын айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы еліміздің зор әлеуетіне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында жасалған қолайлы жағдайды да атап өтті. Ал, біздің Үкімет инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда америкалық іскер топтарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.