Мемлекет басшысы ҚХР төрағасының орынбасары В. Цишаньмен кездесті

Өткен айда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары кезінде қол жеткен уағдаластықтар сәтті жүзеге асуда.

Алдағы уақытта Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы мәңгілік достық пен өзара сенім рухында дами береді. Бұл жайында ҚХР Төрағасының орынбасары Ван Цишань Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында айтты. Қытай делегациясының басшысы Президентке ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізді. Сондай-ақ Ван Цишань екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және өзге де бағыттағы ынтымақтастық нығайып келе жатқанын айтты. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қытайдың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алтыншы саммитіне қатысуы континенттегі өзара сенімге негізделген серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аталған форумның дамуында Қытай негізгі рөл атқаратынын айта кету керек. Біздің елдер арасындағы қарым-қатынас тұрақты түрде дамып келеді. Қазақстан Қытаймен серіктестікті дамытуға сөзсіз басымдық береді. 2019 жылдың қыркүйегінде Бейжіңде қол жеткізілген уағдаластықтарды қатаң ұстанатын боламыз. Бұл – барлық сала бойынша мәңгілік ынтымақтастықты дамыту.