Орталық Азияның бес президенті мен Ресей басшысы не үшін кездесіп отыр

ТМД елдері басшыларының кеңесі біте саласымен Орталық Азия және Ресей саммиті басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, Астана бүгін жоғары деңгейдегі екі бірдей ауқымды жиынның алаңына айналды. Орталық Азияның бес президенті мен Ресей басшысы не үшін кездесіп отыр? Самитте не айтылды? Мұны тікелей эфирде арна тілшісі Қорған Қонысбайұлы баяндады.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Саммит басталды. Жиында алты жақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегі сөз болып жатыр. Орталық Азиядағы бестік Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанның президенттері Ресей басшысы Путинмен бір үстел басына араға сағат салып қайта отырды. Жиында сөз алған қазақ басшысы бірінші қауіпсіздікке тоқталды. Елдер арасында шекара дауы ушыққанын айтты. Қасым Жомарт Тоқаев бұл проблеманы тек бейбіт жолмен шешу керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуІ тиіс.

Жиында сөз алған Ресей басшысы болса, Орталық Азия елдерімен сауда-саттықты ұлғайтсақ дейді. Путиннің айтуынша, Ресей мен бес мемлекеттің арасындағы тауар айналымы соңғы жылда 2 есе ұлғайған. Ал қазақ президенті тауар сатуда қолдан жасалған кедергілерді жою керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды. Бізге өңірішілік сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет. Бұл жерде тауар айналымының құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн.

Осыдан соң Мемлекет басшысы ақпараттық кеңістіктегі келеңсіз жайттарға тоқталды. Бір елдерде орынсыз көп сөз айтылады деді. Бұл этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Салдарынан халықтар арасына жік түседі.