2023 жылы ТМД төрағалығы қырғыз еліне өтеді

2023 жылы Қырғызстан Республикасы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына төрағалық етеді. Қазақстан мен Ресей Федерациясы теңтөраға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында халықаралық ұйымның атқарушы хатшысы Сергей Лебедев айтты. Отырысқа қатысушылар ТМД аясындағы өзара іс-қимыл және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікір алмасты.

Сергей Лебедев, ТМД атқарушы хатшысы:

– Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, ТМД-ға төрағалық мәселесі қаралды. Делегация басшылары 2023 жылы достастыққа Қырғызстан Республикасының төрағалығы туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы теңтөраға болады. Қырғызстан Республикасының ұсынуымен ТМД мемлекеттері басшыларының келесі кеңесі 2023 жылдың 13 қазан айында Бішкек қаласында өтеді.