Шекара дауы бейбіт жолмен шешілуі керек. Орталық Азия – Ресей саммиті

ТМД елдері басшыларының кеңесі біте саласымен Орталық Азия және Ресей саммиті өтті. Осылайша Астана бүгін жоғары деңгейдегі екі бірдей ауқымды жиынның алаңына айналды. Орталық Азияның бес президенті мен Ресей басшысы не үшін кездесті? Самитте не айтылды?

 Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– ТМД саммитті біткен соң Орталық Азиядағы бестік – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанның президенттері Ресей басшысы Путинмен бір үстел басына қайта отырды. Жиында сөз алған қазақ басшысы бірінші қауіпсіздікке тоқталды. Елдер арасында шекара дауы ушыққанын айтты. Қасым Жомарт Тоқаев бұл проблеманы тек бейбіт жолмен шешу керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс.

Жиында сөз алған Ресей басшысы болса, Орталық Азия елдерімен сауда-саттықты ұлғайтсақ дейді. Путиннің айтуынша Ресей мен бес мемлекеттің арасындағы тауар айналымы соңғы 5 жылда 2 есе ұлғайған. 37 миллиард доллардан асқан. Осыдан соң Путин Орталық Азия елдерін өзара есеп айырысуда батыс компаниялары мен операторларының қызметінен бас тартуға шақырды. Сосын Ресей мен Орталық Азия қандай салаларда ынтымақтастық орната алатынын айтты.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

– Біздің ел Орталық Азияның энергия жүйесін қалпына келтіруге практикалық көмек көрсетуге дайын. Бұл өңірдегі бүкіл елдердің энергетикалық қауіпсіздігін арттыра түсетіні сөзсіз. Ресей мен Орталық Азия елдері арасында энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Ресей Орталық Азия елдерінің экономикасында жетекші инвестор. Батыс компаниялары мен операторларының қажетсіз қатысуын болдырмайтын қаржылық есеп айырысу тетіктерін қайта құру және қайта реттеу тетігі іске қосылды.

Сауда байланысына келгенде қазақ президенті көрші елдерді Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолын пайдалануға шақырды. Транзиттік дәліздердің тауар өткізу мүмкіндігін кеңейту ісінде серіктестерге «инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асырайық» деді. Сосын тауар сатуда қолдан жасалған кедергілерді жою керек екенін айтты. Тағы бір мәлімдемесі Орталық Азия мен Ресейдің жаңа экономикалық ынтымақтастық моделі туралы болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды. Осы мақсатта Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының экономикалық ынтымақтастығының жаңа моделін әзірлеу мен қабылдау ұсынылады.

Бұдан бөлек, қазақ басшысы логистикадағы іркілісті айтты. Бұл жағдай өңір елдеріне көлікк-транзиттік әлеуетті толық пайдалануға кесірін тигізіп отыр. Мемлекет басшысы саладағы кемшіліктерді жою үшін инфрақұрылымды жаңғырту, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, транзит үшін қолайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірегей географиялық орналасуына байланысты Орталық Азия әлемдегі ең ірі нарықтар арасындағы маңызды буын болып отыр. Сондықтан қазіргі кезеңде күш-жігерімізді қолданыстағы және келешегі бар көліктік-транзиттік бағыттарды дамытуға жұмылдыру маңызды. Дүниежүзілік банктің бағалауына қарағанда, Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларының дамуы барлық елдің жалпы ішкі өнімінің 15%-ға өсуін қамтамасыз ете алады.

Қазақ басшысынан кейін сөз алған қырғыз президенті азаматтарымыздың елдер арасында қатынап, емін-еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге ұсыныс жасады. Бұл бағыттағы рәсімдерді жеңілдету қажет екенін айтты. Ал қырғыз президентінен кейін сөйлеген тәжік басшысы Эмомали Рахмон «аймақта қауіп-қатер көбейді, лаңкестік әрекеттер белең алуы мүмкін» деді. Әсіресе Ауғанстандағы ахуал қиын. Сондықтан Рахмон елдердің қауіпсіздік қызметтері бұл бағытта бірігіп жұмыс істегені жөн деген пайымда.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

– Ауғанстанда түрлі лаңкестік ұйымдардың таралуына куә болып отырмыз. Әскери содырлардың шоғырлануы бізді қатты алаңдатады. Ел аумағындағы мектептердің базасында жеделдетіп ондаған мың жанкештіні әзірлейтін медреселер ашылып жатыр. Екі жарым жылдың ішінде ауғанстанмен екіарадағы шекарашылардың 175 заставасы қойылды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Аймақтағы лаңкестік топтардың іс-қимылы белең алып барады. Салафизмнің таралуы – өте қауіпті тенденция. Қарсы күштер осы тенденцияны пайдаланып қалуға тырысып бағады.

Ауғаннан әлі де қауіп барын Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Сондықтан ол жақтағы жағдайды ерекше назарда ұстау керек деді. Қазір экстремистік идеологияның келуі, содырлардың біздің аймаққа деструктивті элементтерді жасырын өткізуі сынды жаңа қатерлер туындап отыр. Сондықтан Тоқаев Рахмонның ұсынысын қолдап, арнайы қызмет желісі бойынша байланысты жандандыру қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ақпараттық кеңістіктегі келеңсіз жайттарға тоқталды. «Кейбір елде серіктес мемлекеттерге қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр. Мұндай жағдай ашу-ыза туғызатыны заңдылық» деді. Білдей қайраткерлердің аузына келгенін айтуы – этносаралық араздыққа апарады. Халық арасына жік түседі. Қазақ басшысы осылайша өзара құрмет болу керек екенін айтты. Себебі Орталық Азиядағы әрбір елдің тұрақтылығы тұтас аймақтың дамуына әсер етеді.

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев