Астанада алғаш рет «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті

Алты жақты форматтағы жүзбе-жүз кездесуде еуразиялық кеңістіктегі өзара ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің елдің Президентімен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей көшбасшылары саясат пен қауіпсіздік, сауда-саттық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты сөз қылды. Қатысушылар бұл жаңа форматтағы отырыс сұранысқа сай ұйымдастырылғанын атап өтті. Себебі бүгінде Орталық Азия аймағы әлемдік қауымдастық алдында саяси атмосфера қалыптастыруда өзіндік орын алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өкінішке қарай, кейбір елдерде серіктес мемлекеттер басшыларына қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр. Бұл, әрине, біздің ынтымақтастығымызға нұқсан келтіреді», – деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс.