АӨСШК қатары толығуы мүмкін

Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары кеңесінің қатары толығуы мүмкін.

Өйткені бақылаушы мемлекеттер кейіннен кеңестің толыққанды мүшесіне айналатынын өмірлік тәжірибенің өзі көрсетіп берді. Бұл жөнінде Азия кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай Берік Уәлимен «Бетпе-бет» хабарында айтты. Бүгінде Азия құрлығындағы 45 елдің 28-і кеңеске мүше. Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қазір кеңестің жұмысын жіті бақылап отыр. Ғаламдық мәселені шешуге ат салысуға шамасы жететіндей ұйымның бүгінде 5 құрылымы бар. Атап айтсақ, іскерлік кеңес, жастар кеңесі, ақылмандар кеңесі, аналитикалық орталықтар форумы және биыл құрылған Азия кеңесінің қоры. Ұйымның жаңғыруына сүбелі үлес қосуға Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Сол себептен еліміз кеңеске 2022-2024 жылдары төрағалық етуге ұсыныс тастады. 

Қайрат Сарыбай, АӨСШК Бас хатшысы:

- Ендігі қадам не болмақ? Осы қадамды біз жасау үшін Қазақстан өзінің жауапкершілігін түсіне отырып, өйткені бұл кеңестің бастамашы елі Қазақстан. Трансформацияның бастамашы елі Қазақстан. Бұл трансформацияны біз қай жерге алып барамыз? Қалай алып барамыз?  Мына екі жыл жеткіліксіз тағы екі жыл керек. 

Азия кеңесі азық-түлік қауіпсіздігіне мән бермек 

Мәлім болғандай, келер жылы ұйымның іскерлік кеңесі шеңберіндегі сессиясы азық-түлік қауіпсіздігіне арналады. Осылайша, Азия кеңесіне мүше мемлекеттер бұл мәселенің шешу жолдарын жан-жақты ақылдасып, талдайды. Айта кететіні, кеңес басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан. Мысалы, БҰҰ-ға байқаушы ретінде Азия кеңесіне жыл сайын Бас Ассамблеядан орын белгіленеді. Сол сияқты Араб елдері лигасы, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында да осындай мәртебе бар. 

Қайрат Сарыбай, АӨСШК Бас хатшысы:

– Сондай-ақ бізде әріптес ұйымдар бар. ШЫҰ, БҰҰ-ның түрлі институттары солармен біз қатынасуда. Кеше біз мысалы. Еуразиялық экономикалық комиссиямен меморандумға қол қойдық. Міне біз әріптестік орнаттық. Сондықтан міне Қасым-Жомарт Кемелұлы Ислам ынтымақтастық ұйымының Азық-түлік қауіпсіздік ұйымен бірге ынтымақтастық орнатуға керек болса, онда әрине ондайға біз дайынбыз.