Абай облысында республика күніне орай 200-ден астам шара ұйымдастырылды

Семейдегі мерекелік шаралар легі мемлекеттік туды көтеру рәсімінен басталып, орталық алаңда «Қыран елім Қазақстан» концерттік бағдарламасымен жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл күні таңның атысынан күннің батысына дейін шаһардың барлық аумағында республика күніне орай мәдени-бұқаралық шаралар, жәрмеңкелер мен көрмелер ұйымдастырылды.

Маржан Бахатова, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

- Ұлттық мерекемізді Семей халқы таңғы 10-нан бастап Арбат алаңқайында кең көлемде мерекелеп жатыр. Халықтың көңіл-күйі керемет. Себебі, дәл бүгінгі күн ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді, тілімізді жарқырата көрсететін мереке. Ұлттық айбынымызды көрсететін мереке. Жас жеткіншектерге тәрбие болсын деп мерекенің мән-маңызын кеңінен насихаттаудамыз.

Алаңға жиналған халық қайта оралған республика күнін ерекше мерекелік көңіл-күймен қарсы алды.

- Барлық қала тұрғындарын республика күнімен құттықтаймыз. Бүгін Семей қаласында өтіп жатқан шара өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлық топты қамтыған. Зейнеткерлерге, ересек адамдарға, балаларға арналған алаңдар көптеп ұйымдастырылған

- Мереке құтты болсын! Аманшылық болсын. Бәрі жақсы болсын!

Абай облысында республика күніне орай 200-ден астам ісшара ұйымдастырылды. Ал Семейдегі мерекелік бағдарлама орталық алаңда эстрада жұлдыздарының гала-концертімен түйінделді.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов