Алматылықтар Республика күнін Алатау бөктерінде атап өтті

Медеу мұз айдыны аумағында  болған патриоттық шараға студенттер, қоғам белсенділері және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әскери оркестрдың сүйемелдеуімен  3 мыңнан аса адам әнұранды шырқады. Ауданы 100 шаршы метр болатын көк байрақты теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте орналасқан тұғырға көтерді. Мерекелік шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен  концерттік бағдарламаға ұласты.

Бағдат Анарбаева, «Қамқор» қоғамдық қорының төрайымы:

- Республика күні көптеген жылдар бойы тойланбады. Осы жылы бізде осы мереке қайтарылып, ұлттық рәсім бергені біз үшін үлкен қуаныш деп айтсам болады. Шыны керек осындай мерекелер өте қажет. Өйткені, ол жастарды болсын жалпы, еліміздің тұрғындарын біріктіреді, үлкен рух сыйлайды. Яғни, патриоттық сезімді ерекше бір деңгейге көтереді, деп айтсам болады.

Республика күні мерекесінде 300-ге жуық тараздық оркестрдің сүйемелдеуімен әнұранды бірге орындады. Тұңғыш Президент саябағында өткен мерекелік іс-шарада сан салада жемісті еңбек еткен 15 қызметкер марапатталды. Мерекелік концерт «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығында жалғасты. Облыстың мәдени ұжымы халыққа әуезді ән мен күй арнап, мерекенің мәнін арттырды. Арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ тағы сол сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қолөнершілердің көрмесі өтті.   

Әнұранды орындау

Бекет Момынқұл, Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы-публицист:

- 25 қазанымыз кезінде өзінің дәрежесін жоғалтып алды. Енді міне биыл қайтып сол біздің ұлттық мерекенің дәрежесі қайтып бізге оралып отыр. Маңыздылығы егемендігіміздің қазығы сол күні қағылған.  Ата бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке біздің ұрпақ жетті. Біз бақытты ұрпақпыз

Ербол Қамбатыров, ақын:

- Бір жаңадан Жаңа Қазақстан деген сияқты жаңадан қалыпқа келіп. Шынында да бұрынғыдай емес қазір тура осы күнді дәл өз басымыз, халық та басқаша сезініп отырған сияқты. Сондықтан тәуелсіздігімізге тәубе дейміз. Тек қана тұғыры биік болсын.

Республика күніне орай Түркістан қаласында да Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі өтті.

Мерекелік іс-шараны тамашалауға қала жастары мен зиялы қауым өкілдері және мемлекеттік қызметшілер жиналды. Аға буын жиналғандарға ту көтеру рәсімінің мән-маңызы мен қадір-қасиетін түсіндірді.

Досай Кенжетай, философия ғылымдарының докторы:

- Ту көтеру рәсіміне жиналып жатырмыз барлығымыз. Шын мәнінде елдіктің, бірліктің символындай, болмысындай құбылыс бұл. Бұны ардақтау керек, насихаттау керек келешек ұрпаққа. Бір тудың астында бірігу, «егемен болмай, ел болмас» деген барлығы біздің тарихи санамызда, жадымызда бар нәрсе. Бүгін республика күнінде барша Қазақстандықтарды, әсіресе Түркістан халқын мерекемен құттықтаймын.

Салтанатты шараға қатысушылар «Ендігі мақсат – елдегі тыныштық пен береке-бірлікті сақтап, біртұтас ұлт ретінде бір тудың астына жиналу»,-  дейді.