С.Тұрсынбекова Қарағандыдағы дағдарыс орталығында болды

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қарағанды қаласындағы кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығына барды. Мұнда ол өмірде қиыншылыққа тап болған әйелдермен кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ өзінің сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, алаңдатқан сұрақтарына жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, Салтанат Тұрсынбекова кезектен тыс президенттік сайлауға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестік атынан қатысып жатыр.

Салтанат Тұрсынбекова, президенттікке кандидат:

– Сайлауалды агитациялық жоспарларымызбен дағдарыс орталығына келіп отырмыз. Әрине менің қай өңірде жүрсем де дағдарыс орталығына бармай кетпеймін. Бүгін мен үшін көңілге мұң қалдыратын жайт. Өйткені тағы да бір рет мен аналарымыздың көз жасын, балалардың шырылдап, жылап жүргенін, өз отбасынан қашып, осындай жерге келіп, пана тапқанын, мәжбүр болып жүргеніне менің көңілім де, жүрегім де шыдамайды ондайға.