Маңғыстауда бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашқан жөн – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Маңғыстау өңіріне барды. Президент облыс тұрғындарымен кездесіп, білім беру, туризм, өндіріс сынды өзекті тақырыптар жайында сөз қозғады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ халықты жұмыспен және азық-түлікпен қамту мәселелері де көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғалы Маңғыстауға жұмыс сапарымен үшінші рет келді. 362 Әулиенің киелі мекеніне құрметі ерек. Облыс жұртымен кездесуін әріптесі әрі ақылшы ағасы болған Әбіш Кекілбаев туралы естелік айтудан бастады. Сосын өңірдегі проблемаларды көтеріп, дамыту бағытындағы жобаларды айтты. Маңғыстау мұнайлы өлке. Елдегі  қара алтынның төрттен бірі осында. Президент Оған иек артапй экономиканы әртараптандыру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашқан жөн. 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын». Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32%-ке жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға «Мен – кәсіпкермін» жобасы тың серпін берері анық. Әкімдік Үкіметтің қолдауымен бизнесті ынталандыратын жаңа шаралар әзірлеуі керек.

Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуеті зор. Облыста 3 мың шақырымдай автожол бар. Оның мың 13 шақырымы республикалық маңызға ие. 95 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Десе де қашықтықты қысқарту үшін Бейнеу мен Шалқар арасын жалғайтын жол салынбақ. Сонда өңірге келетін жолдар 600  шақырымға қысқарады. Президент мұны былтыр тапсырған. Алайда жұмыс баяу жүріп жатыр жиында соны жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ Ақтау елдің теңіз қақпасы. Мұнда инфрақұрлымыды жаңартып, тасымалды еселеу міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Порттың инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отырмыз. Біз үшін қазіргі әлемдік нарықтағы ахуалды ескеріп, Транскаспий бағдарын одан әрі дамыту өте маңызды. Осы мәселе бойынша серіктес елдермен өзара түсіністік бар. Ақтау және Құрық порттарының қуатын арттыратын болдық. Бұл олардың өткізу мүмкіндігін жетілдіріп, мұнай тасымалдау көлемін жылына 20 миллионға дейін жеткізу үшін қажет.

Өңірдегі өзекті мәселенің бірі ауыз су. Аймақ халқы жыл сайын өсіп жатқанын ескерсек, 2025 жылға дейін мұнда ауыз суға сұраныс 260 мың текше метрге жетеді. Ал тіршілік нәрін жеткізіп отырған Астрахань-Маңғыстау су құбыры әбден тозды. Сондай-ақ өңірге су, жылу және электр энергиясының басым бөлігін беретін МАЭК-Қазатомпром» компаниясының құрал жабдықтарының 80 пайызы ескі. Сондықтан мұнда 2025 жылға дейін су тұшытатын 9 зауыт салныады. Ал орталық суға жетпеген 12 елді мекен жыл соңына дейін қосылмақ. Маңғыстау бала туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Бірақ мұнда балабақша, мектеп тапшылығы бар. Азық түлік те жетпейді. Тұрғындар жыл сайын 100 миллон долларға сырттан азық-түлік әкеледі екен.  Президен бағаны төмендету үшін делдалдарды азайытып, қоймаларды көбейту керек деді. Үіметке тауар тасымалына айрықша төмен тариф енгізу жайын пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ өңір мал азығының азығының 75 пайызын өзге өңірден тасиды. Президент былтыр қуаңшылықта болған жағдай қайталанбас үшін ауыл шаруашылығына ғылым мен білімді, жаң технологияларды қолдану қажет екенін айтты. Өңірдің туристік әлеуеті де жоғары. Саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау үшін заманауи инфрақұрылым керек. Қазір Ақтауда инжнерлік жүйенің 75 пайызы тозған. 280 ескі үй бар. Президент үкіметке Ақтаудың тұрғын үйлерін жаңарту жөнінде бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса Жаңаөзенге жаңа дем беріп, қаланы кешенді дамыту үшін 580 миллиард теңге бөлінгенін айтты.

Авторы: Талғатбек Әбіқожа