Түркі мемлекеттері Транскаспий дәлізін дамытады

Алдағы уақытта аймақта біртұтас логистикалық желі құру көзделіп отыр.

Самарқандта өткен Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде осындай мәлімдеме жасалды. Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация түркі ұйымына мүше және бақылаушы елдердегі әріптестерімен кездесті. Қазір бауырлас мемлекеттердің өзара сауда айналымы 50 миллиард долларға жуық. Түркі елдерінің жалпы әлеуеті де ауқымды. Сыртқы нарықпен 974 миллиард долларға алыс-беріс жасайды. Мұның басым бөлігі Түркия, Мажарстан және Қазақстанға тиесілі. Түркі ұйымының мемлекет басшылары Самарқандта ертең бас қосады. Жиында көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі талқыланады. Сондай-ақ, туризм, қауіпсіздік және инвестиция салалары қамтылады. Ал 3 жылдан бері түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы болып, нәтижелі еңбек еткен Бағдат Әмреев қызметін қырғызстандық әріптесіне тапсырады.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Қазақстан түркі мемлекеттері ұйымының жұмысы нәтижелі бола түсетініне сенімді. Түркия биыл төрағалық міндетті жоғары деңгейде орындады. Геосаяси ахуал қиындап, әлемдік қауіп-қатер артқан сәтте көздеген мақсатымызға жеттік. Бағдат Әмреев мырзаға алғысымыз шексіз. Ол ұйым жұмысының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосты.