Түркиядағы терактіден зардап шеккендар арасында Қазақстан азаматтары жоқ

Ыстамбұлда жарылғыш затты тастап кеткен күдікті адам ұсталды.

Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу мәлімдеді. Оның айтуынша оқыс оқиға кезінде жапа шеккен 81 адамның 50-і ауруханадан емделіп шыққан. Естеріңізге сала кетейік, кеше Ыстамбұлда жергілікті уақытпен сағат 16.20 шамасында жарылыс болып, 6 кісі қаза тапты. Зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған президент Режеп Тайып Ердоған террорлық әрекет үшін жауаптың еселеп берілетінін атап өтті. Полиция жарылысты осы елде лаңкестік деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясы жүзеге асыру мүмкін деп күдіктеніп отыр. 

Сүлейман Сойлу, Түркия Ішкі істер министрі:

 - Жарылыс болған сәттен бастап Ыстамбұлдың полиция департаменті бұйрық берілген орын мен оны қабылдаған жер және әрекетті жасаған адамдарға қатысты тергеуді тез қолға алып, біраз мәліметке қол жеткізді. Біз терактіні жасауға тапсырма Кобаниден берілді болжап отырмыз. Ал оны жүзеге асырушы Африннен келген. Қазір полиция жарылғышты қойып кеткен адамды ұстады. Бұған дейін тағы 21-ге жуық адам қамауға алынған болатын.