Биыл ел бюджетінің кірісі артты

Биыл ел бюджетінің кірісі жоспардан 180 млрд теңгеге асып кетті. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында хабарлады.

Оның тең жартысын салықтық төлемдер құрады. Алайда қазынаға жиналған сома толық игерілмей қалды. Оған қандай факторлар әсер етті? 

Бүгін ел бюджеті Үкімет отырысында талқыланған басты мәселенің бірі болды. Баяндама жасаған министрлердің айтуынша, биыл қазынамыз 12 трлн 427 млрд теңгеге толды. Оның 4 трлн жергілікті бюджеттерге тиесілі екен. Бұл көрсеткіштер алдын ала жоспарланған табыстан әлдеқайда асып кетті. Оған қосымша құн салығын қайтару сомасы 19% төмендеуі тікелей әсер етті. Жауапты ведомство басшысының айтуынша, кірістердің 295 млрд атқарылмай, 278-і уақытылы игерілмей қалыпты.  

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Игерілмегені – 278 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкi iстер, Төтенше жағдайлар және оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: қазынашылық ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақаулар, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасасу және т.б. болып табылады.

Аталған көрсеткіштер экономикамызды тұрақтандыруға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Былтырмен салыстырғанда ол 2,5% ұлғайды. Нақты сектор мен өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Құрылыс саласында 5% деңгейінде тұрақты өсім тіркелді. 10 ай ішінде елімізде 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында өсім орнықты. Экономиканың шикізаттық емес секторына инвестиция көлемі ұлғайып келеді.

 Жиын қорытындысы бойынша ел Премьер-министрі Әлихан Смайылов экономиканың дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. «Оны әртараптандыру, инвестиция тарту, тұрақты жұмыс орындарын ашу сынды бағыттарға басымдық беру керек», – деді Үкімет басшысы.

 Авторлары: Дариға Ташенова Арман Ақшабаев, Батыр Ерсайынов