Қ.Тоқаев: Қасіретті қаңтар еліміз үшін сынақ болды

Қасіретті қаңтар еліміз үшін зор сынақ болды.

Мемлекет басшысы Алматы қаласының жұртшылығымен кездесуде қаңтар оқиғасына тоқталып, халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек, деді президент.

Қаңтардың басы қатты болды. Іштен шыққан жау жаманның кері келді. Сол кезде қырғын болған Алматы бүгінде қалпына келтірілді. Жиында Мемлекет басшысы жыл басындағы қасіретке де арнайы тоқталды. «Қастандық ұйымдастырғандардың қылмысы ақталмайды. Бәрі лайықты жазасын алады» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен, дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Өкінішке орай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр. Тағы да айтамын: халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек. Біз жедел және батыл әрекет жасағанның арқасында ел ішінде дереу тәртіп орнаттық. Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүние жүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті, қолдау тапты.

Арандатушылардың артынан еріп, сол кезде талай адам оққа ұшты. От басты. Қамалғандар аз емес. Біразы босатылады. Мемлекет басшысы жуырда көп азаматқа рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бұл адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені кешірім ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдерден кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады.

Қаңтар оқиғасы тек сынақ емес, сабақ болды. Сол бір аласапыран күндерде бұғып қалғандарды да көрдік. Оқ пен оттың арасына тап бергендер де табылды. Антына адалдық танытқандардың бірі Қайрат Нұржаубаев. 7 қаңтарда өртеніп жатқан қойманы сөндіруге қатысады. Жігіттерімен үш мың шаршы метрге таралған жалынды дереу өшіріп, тілсіз жаудың өзге ғимараттарға таралуына жол бермейді. Бұл ісі елеусіз қалған жоқ. Бүгін Нұржаубаевты Мемлекет басшысы «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Қайрат Нұржаубаев, қалалық ТЖД өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

- Мемлекет басшысы «ел іргесі сөгілмес үшін біз қандай тәуекелге баратынымызды айқын көрсеттік», - деді. Бұдан түйетін ой: мемлекет мүддесі қай кезде де жеке бастан жоғары тұрады.

Қорған Қонысбайұлы