Қарағанды облысында ірі теміржол желісі салынады

Теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның бірі Қарағанда облысында орналасады. Үкімет басшысы Әлихан Смайлов жобаның жай-жапсарын пысықтап қайтты.

Елде ірі теміржол желісінің құрылысы басталды. Ол Қарағанды облысындағы Достық – Мойынты жол бөлігінде орналасады. Бастама «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Үкімет басшысының айтуынша, елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуда тың бастаманың маңызы зор.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы шешім қабылданды. Олардың ішінде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал, Алматы маңындағы айналма жолдар және т. б. бар. Міне, бүгін соның бірі әрі ірі жоба Достық – Мойынты екінші теміржол құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді және экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді.

Ұзындығы 836 км жаңа теміржол желісін іске қосу отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға ықпал етеді. Жоба аясында 419 құрылыс нысаны, 90-нан астам көпір, 288 су жүргізу құбыры мен 14 автожол өткелі салынады. Мұнымен шектелмей, энергетика және байланыс нысандарының құрылыс қолға алынбақ. Бұл жұмыстар 2025 жылдың 4-тоқсанында аяқталуы тиіс.

Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК»АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз шекаралас мемлекеттермен арадағы алыс-беріс жандана түседі деп сенеміз. Тауар тасымалдауда теміржолдың маңызы зор. Сондай-ақ бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

 Бастысы — құрылыс материалдарының 80% астамы отандық өнім. Атап айтқанда, рельстер мен трансформаторлар, құм мен қиыршық тасты жеткізу жергілікті компанияларға жүктеледі. Құрылыс жұмыстарына 3 700 адам жұмылдырылады. Ал теміржол желісі пайдалануға берілген кезде 500 маман тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.