Қазақстан мен ЕО жасыл сутегін дамытудың жол картасын әзірлеуге кірісті

Қазақстан мен Еуропалық Одақ тұрақты шикізат, батарея және жасыл сутегін дамытудың жол картасын әзірлеуге кірісті. Тараптар бұған дейін тиісті келісімді бекіткен болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселе Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев бастаған Қазақстан делегациясының Брюссельге сапары кезінде Еурокомиссия және Еуропарламент өкілдерімен бірге талқыланды. Басқосуда Қазақстанда осы салада жаңа өндіріс орындарын ашу мен көміртек қалдықтарын шығаруды азайту жағы қарастырылды. Еуропалықтар еліміздің кәсіпорындарында халықаралық стандарттарды енгізу жағына көңіл бөлу керектігін атап өтті. Ал біздің делегация кадрларды дайындау, мамандарымыздың Еуропа елдерінде ғылыми тағылымдамадан өту және кен орындарын цифрландырудың маңыздылығын айтты. 

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- Ал біздің ең алға қойып отырған мәселелеріміз бұл бізде енді Еуропа өзінде ең қажеттілік ететін 30 материал бекітіп отыр. Яғни жерде сирек кездесетін пайдалы қазбалы байлықтарды бекітіп отыр. Біз оны бірнеше рет айттық. Соның ішінде 16-сы Қазақстанда өндіріледі. Қалған тоғызы бойынша тиісті кен орындары бар. Ал бесеуі бойынша қанша кен орындары барын білмейміз. Бірақ геологиялық іздестірулер өткізу керек деп айтып отырмыз. Біздің алдыға қойып отырған мақсатымыз ол мына бізде жаңа 9 материал бар дедік қой соның өндірісін ашуға Еуропадан инвестиция мен технология тарту.

Питер Хэндли, Еурокомиссия бас директоратының шикізат бөлімі басшысы:

- Біз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында осындай меморандумға қол қойылғанына қуаныштымыз. Тез келісімге келудің арқасында барлық тараптың қатысуымен жол картасын дайындауға мүмкіндік бар. Жасыл экономика мен цифрландыруға көшуге қажетті болашақтың технологиясына бет алып бара жатырмыз. Тұрақты шикізат, батарея және жасыл сутек, ең маңызды үш бағыт саналады. Олар кенді барлаудан шикізатты өңдеуге дейінгі бүкіл бағаның қалыптасуында маңызды рөл атқарады.