Германияда дауыс беру жалғасып жатыр

Бұл елде қазақстандықтар үшін үш сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Олар Берлин, Майндағы Франкфурт пен Мюнхенде орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы Германияда сайлауға бас-аяғы 300 қазақстандық қатысуы тиіс. Олар – Германияда жұмыс істейтін отандастарымыз, дипломатиялық миссия өкілдері мен студенттер. 

Дінмұхамет Ермұхаметов, студент:

– Шетелде дауыс беру мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Бұл менің бірінші рет сайлауға қатысуым. Өз таңдауымды жасау үшін басқа қаладан келдім. Негізі мен Халле шаһарында білім аламын. Ол Берлиннен 150 шақырым жерде орналасқан.

Грузия астанасы Тбилисиде де сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Тіркелген адам саны 100-ден асады. Осы сағатта солардың үштен бірі дауыс берген. 

Жазира Мырзакасимова, Тбилисидегі №227 сайлау учаскесінің төрайымы:

Бізде 30 пайыз адам дауыс берді. Соның ішінде бізде туристер бар осы жаққа келген Грузияға. Өздерінің жұмыстарымен келген азаматтарымыз бар және де Батумиде жұмыс істейтін терминал және портта жұмыс істейтін біздің Қазақстан азаматтары келіп, дауыс беріп жатыр.

Румынияда Қазақастан елшілігі жанында ашылған нөмір №299 учаскесінде 130 сайлаушы тіркелген. Дипломаттар отандастарымыздың сайлауға қатысу белсенділігі үнемі жоғары болатынын айтады. Ел астанасы Бухарестте ең алғашқы болып дауыс бергендердің бірі – «ҚазМұнайГаз Интэрнейшнл» компаниясының қызметкерлері.  

Сабиғат Рахметов, сайлаушы:

Әрине, бүгінгі сайлау әр қазақстандыққа маңызды деп санаймын. Өйткені бұл біздің конституциялық құқығымыз. Біз бала-шағамыз үшін өзіміздің жарқын болашағымыз үшін жасап жатқан іс біздің дауысымыз.