Америкада дауыс беру жүріп жатыр

Дауыс беремін деген қазақстандықтар үшін АҚШ-та үш сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Олар Вашингтон, Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрбек Бекен, тілші:

– АҚШ-та 400-ден астам отандасымыз дауыс беру үшін тіркелген екен. Бүгін мұндағы сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-де ашылды. Әнұран ойналды. Алғашқылардың бірі болып елшіліктің бас аспазы Елена Якупова, Андрей Себолапов дауыс берді. Солтүстік Коралинодан Айнұр Түймебекова есімді азамат 7 сағат жүріп Вашингтонға келген екен.

Айнұр Түймебекова, ҚР азаматы:

Мен Қазақстан үшін дауыс бердім. 7 сағат жол болса да, уақытым тығыз болса да, сабақ арасынан уақыт табуға тырысып, осында дауыс беруге келдім. Себебі мен Қазақстан үшін, қазақстандықтар үшін, болашақ үшін дауыс беруге, азаматтық борышымды өтеймін әрқашанда.

Нұрбек Бекен, тілші:

– Жалпы таңдау жасау кешкі сағат 8-ге дейін жалғасады. АҚШ-та түрлі себептермен жүрген отандастырымыз белсенділік танытып жатыр. Мұнда негізінен жұмыс бабымен білім алып жатқан, тағылымдамадан өтіп жатқан қазақстандықтар бар. Астана мен Вашингтон арасындағы уақыт айырмашылығы 11 сағат. АҚШ астанасы 11 сағат артта. Сондықтан әлем бойынша ең соңғы болып, осы Америкадағы учаскелер жабылады. Жалпы әлемде 53 мемлекетте отандастармыз дауыс беру үшін 68 сайлау учаскесі ашылса, соның үшеуі АҚШ-та. Алдымен, Вашингтон, сосын Нью-Йорктағы сайлау учаскелері жұмысын аяқтайды. Содан кейін барып Санрансико қаласында Қазақстан уақыты бойынша ертеңгі таңғы онда дауыс беру тоқтайды.