Президент сайлауы-2022. Халық болашақ үшін таңдау жасады

Таңертеңннен бері елдегі 10 мыңнан астам сайлау учаскесінде халық өз таңдауын жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дауыс беру көрсеткіші бойынша Жетісу облысы көш бастап отыр. Саяси науқан барысын 641 халықаралық байқаушы бақылады. Өрескел заңбұзушылық тіркелген жоқ.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

20 қараша. Жексенбі. Бүгін жасымыз бар, жасамысымыз бар бәріміз тарихи күннің куәсі болдық. Ел болып тағы бір саяси науқанды өткердік. Халық болашақ үшін таңдауын жасады.

Болашақ дегеніміз балалар. 4 жасар Даниярдың бұл алғашқы сайлауы. Бюллетень дегенді де енді көріп тұр. Есінде қалсын деп анасы ерте келіпті.

Елде ұзын ырғасы 10 101 учаске жұмыс істеді. Оның 68-і шетелде орналасқан. Кешкі сағат сегіздегі жағдай бойынша азаматтардың 69,31 пайызы бюллетень алған. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында. Бұл аймақта жұрттың 81 пайыздан астамы дауыс берген. Екінші орында 80,37 пайызбен Түркістан облысы тұр. Үштікті 80,31 пайызбен Қызылорда өңірі түйіндейді. Ал ең төменгі көрсеткіш Алматы мен Астанада. Алатау бауырындағы шаһарда тұрғындардың 48,67 пайызы дауыс берсе, елордада азаматтардың 48,67 пайызы таңдауын жасаған.

Сайлауда заң бұзушылық тіркелген жоқ. Мұны ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедев айтты. ТМД байқаушылары науқан барысын жіті бақылады. Ұйымға мүше елдерден Қазақстанға барлығы 174 байқаушы келген.

Сергей Лебедев, ТМД байқаушылар миссиясының басшысы:

Дауыс беру тыныш өтіп жатыр. Менің әріптестерім де ешқандай заң бұзушылық тіркемеді. Біз Астана қаласы мен өңірлердің барлығы бойынша жедел ақпарат алып отырмыз. Дауыс беру өте белсенді жүріп жатқанын көрдік.

Байқаушылар биылғы сайлаудың ұйымдастырылу деңгейі жоғары деді.

Әлия Әубәкірова, Астана бойынша «Партиялық емес байқау» орталығының басшысы:

– Ұйымдастыру жағы биыл өте жақсы деп айтуға болады. Өйткені таңғы 6-да біздің байқаушылар сайлау учаскелеріне келген кезде олар бәрі дайын, күтіп отырды. Таңғы 7-де дауыс берушілерді қабылдау басталып кетті. Бұзушылықтарды байқаған жоқпыз. Болса да тек қана мысалы кішкентай баласымен бірінші кіріп кетіп, оны біз  біріншіден адам тек қана бір-бірден кіру керек. Соны ескерту жасап жатырмыз. Қатты мына айтатындай ескерту жасап, акт жасайтындай болған жоқ. 

Еліміздің барлық күштік құрылымы бүгін аяқтан тік тұрды. Дауыс беру дұрыс және тыныш жағдайда өту үшін 20 мыңға жуық полицей жұмылдырылды. Барлық жерде бақылау күшейтілді.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Наурызбай Құрманғазы