Агломерация халық саны 500 мыңнан асатын орталықтан және қала маңындағы аймақтан тұратын болады

Бүгін Мәжіліс «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24»

«Агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент, сондай-ақ басқа да облыс орталықтары айқындалмақ. Осылайша оларды басқарудың жаңа моделі енгізіледі. Негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы мәселелерді бірлесіп шешеді. Тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысады. Бірігіп кешенді жоспар әзірлейді. Қазір ірі қалаларда халық саны мен жер аумағы өсіп, бірқатар проблема туындап отыр. Тиісінше инфрақұрылым керек. Қаланың шет аймақтарында ретсіз құрылыс көбейген. Жоспарлау жобалары жоқ. Болған күннің өзінде дұрыс іске аспайды. Жаңа заң жобасы сол мәселелерді реттеуге септігін тигізбек.