Қызылордада облыс әкімі тағайындалды

Аймақ басшысы лауазымына екі үміткердің кандидатурасы қаралды. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 135 депутаттың 81,5%-і Нұрлыбек Нәлібаевты жақтап таңдау жасады.

Сессиядан кейінгі облыс активінің отырысында Ерлан Тынымбайұлы қай істе болмасын мемлекет мүддесі жолында әрдайым ынтымақты тірлік ететін Сыр жұртына алғысын жеткізді.  

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Мемлекет басшысы Қызылорда облысы әкімінің лауазымына Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевты тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Президент жүктеген міндеттерді орындау жолында сәттілік тілеймін. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа қызметте тың серпін береді деп сенемін.

Бұған дейін Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласын абыроймен басқарған Нұрлыбек Нәлібаев өңір жұртшылығына жете таныс. Қайта тағайындалған аймақ басшысы туған өлкесін түлетуге бар қажыр-қайратын жұмсайтындығын айтты.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Сындарлы сәттерде сыр білдірмеген қасиетті де киелі Сыр өңірі жұртшылығы Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, мызғымас бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ары қарай да осы дәстүрлі жолымызды жалғап, ел дамуы жолында аянбай қызмет ететін боламыз.

Ерлан Қарин өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру басты міндет екенін айтып, жаңа басшының қызметіне сәттілік тіледі.

Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов