Қазақстан петиция институтын заң жүзінде бекітуді жоспарлап отыр

Қазақстан петиция институтын заң жүзінде бекітуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін тиісті жобаны Мәжілісте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі таныстырды. Жаңашылдыққа сай халық қандай да бір дау тудырған мәселеге наразылықты арнайы интернет портал арқылы бере алады. Ал уәкілетті орган болса, петиция жария болғанша оның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды.

Айта кету керек, еліміздің Тәуелсіздігі, ұлттық қауіпсіздік, сот төрелігі сынды сұрақтар бойынша петициялар берілмейді. Бұл тыйым салынған тақырыптардың тізіміне жатады. Ал Петиция берілген күннен бастап, 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде 150 азамат қосылуы тиіс. Бұл құжатты мемлекеттік орган міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың да шекті мәндерін белгілеу жоспарда бар.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Аудандық деңгей халқы (әкімдіктер) 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5 %-ы болуы керек. Аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10 %-ы. Облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1% дауысы. Облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2 %-ы. Республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс.