Үкіметтегілер орнын босата ма?

Шешім қабылдай алмайтын Үкімет мүшелері орнын босату керек.

Премьер-Министр осылай деп қарамағындағыларға қатаң ескертті. Себебі, екі күн бұрын министрлер кабинетінің жұмысын Мемлекет басшысы қатты сынаған еді. Тіпті Әлихан Смайыловқа "Үкіметтің осы құраммен жаңа жылға аяқ басуына бола ма?" деп сұрақ қойған. Президентке Премьер-министр бүгін жауап берді. 

Қорған Қонысбайұлы @Korgantore

«Мемлекет басшысы бізден «Жаңа жылға Үкіметтің қазіргі құраммен аяқ басуына бола ма?» деген нақты сұраққа жауап күтуде. Мен Премьер-Министр ретінде Президент жүктеген міндеттерді орындауға әрі тиімді шешуге бар күшімді саламын деп айтқым келеді және жауапкершілікті өз мойныма аламын" Әлихан Смайыловтың жауабы осы. Жауап берген соң үкімет басшысы қарамағындағыларды ескертті.

«Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал «қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын» деген әріптестеріміз қазірден орнын босатсын. Орындарыңызға басқа адамдар келеді. Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз. Сонда көздеген мақсатқа жетуге болады», - деді Смайылов.

Инфляцияны ауыздықтау

Президент екі бұрын инфляцияның өсіп кеткенін айтқан еді. Смайылов бұған әлемдегі жағдай әсер етті деді. Ал бүгін Үкімет басшысы бір ай ішінде инфляцияға қарсы бағдарламаларды қайта қарау керек екенін атап өтті. 2023 жылы бізді жаңа сын-қатерлер мен    тәуекелдер күтіп тұрғанын қосып айтты.

Сондықтан  бір ай ішінде Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені жаңартылады.

Сонымен қатар, бір айда Халықтың табысын арттыру бағдарламасы   өзектендіріледі.

Ауылды дамыту

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау 7 жылға дейін ұзартылады. 

1-ші ақпанға дейін Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленеді.

Инвестиция тарту

Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, Ұлттық қордан аударылатын трансферттерді біртіндеп төмендетеді. Себебі  қордағы қаражатты Президент 100 млрд долларға дейін көбейту керек деген.

Ал Сыртқы істер министрлігі Үкіметтің инвестициялық блогының жұмысын күшейтуге жауапты болады. 

Индустрия және Экология министрлiктерi Бас прокуратурамен бiрлесiп, заңсыз берiлген кен орындарын мемлекет меншiгiне қайтару шараларын қабылдайды.