Мәжіліс отырысында зейнетке шығу жасы сөз болды

Ауыр өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнетке шығу жасы Әлеуметтік Кодекс қабылданған соң төмендетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжіліс отырысында айтты. Зейнетақы жинақтарын басқару мәселесі де өзекті. Қазақстандықтар өз еркімен салалық компанияны таңдап, өз жинағының 50% сенімді басқаруға тапсыра алады. Қалған 50% Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады. Мұны Ұлттық Банк өз жауапкершілігіне алады. Компания қорына инвестиция ретінде құйылатын соманың шекті мөлшерін анықтау құқығы да Ұлттық Банк міндетіне кіреді. Әлеуметтік Кодекс келер жылдың бірінші айында бекітілуі мүмкін

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Ең негізгі мәселе - Әлеуметтік Кодексті уақытысында жасап бітіру. Ол жөнінде қарастырдық. Екінші мәселе - ауыр қызметтегі шахтерлер деп айтып жатырмыз ғой. Сол азаматтардың зейнетақыларын қарастыру. Жазатайым оқиғаларға түскен кездегі сақтандыру мәселесін сәл созып келе жатырмыз. Бірақ оны қаңтар айында бітіреміз.