Сенат өңірлерді дамытуға күш салады

Енді Сенат өңірлердің мүддесін қорғап, мәселесін көтеретін негізгі институт болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғарғы палата аймақтардағы түйткілді проблемаларды шешіп, ірі жобалардың жүзеге асырылуына басымдық береді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Бетпе-бет» бағдараламасы кезінде айтты. Алдағы жылы қаңтардың 14-і күні Сенат сайлауы өтеді. Оған өңірлер және үш мегаполистен 20 сенатор сайланады. Одан соң Мәжіліс пен Мәслихаттар сайлауы бірінші жарты жылдық ішінде ұйымдастырылады. Нәтижесінде жаңа адамдар келіп тың бастамалар мен Парламент жұмысына серпін береді деген үміт бар.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Үкіметтің алдына облыстардың дамуына қатысты сұрақтарды көтеретін негізгі институт енді Сенат болады деп жұмыстарды бастап жатырмыз. Осы бағыттарда нақты нәтижелер көрсетеміз деп ойлаймын. Өйткені өңірлер дамымай мемлекетімізді дамыту мүмкін емес. Ол түсінікті. Сол себепті біз реформалардың аясында Парламенттің жаңғыруы аясында Сенаттың жұмысында да осындай өзгерістер боп жатыр.