«Тұңғыш Президент туралы» заңның күші жойыла ма?. LIVE

Елбасы туралы заңның күшін жоятын түзетулер Мәжіліс қарауына шығарылды.

Енді Мәжіліс комитеті құжатты талқылауға алады. Бұл жайында Парламент палатасының жалпы отырысында айтылды. Осы тұстан тақырыпты әріптесім Қорған Қонысбайұлы сабақтайды. 

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылғаны туралы» заң жобасын қарайды. Мұны Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов палатаның жалпы отырысында айтты. «Аталған заң жобасы республикалық референдум қорытындылары бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленген. Ата Заңның 46-бабының 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті Конституциялық заңның күшін жою көзделеді», - деді депутат. Осы орайда Мәжіліс комитеті заң жобасын талқылау бойынша жұмысты бастайды. Ал, мұның алдында Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды.

Мәжілістің жалпы отырысында жерді бақылау мәселесі де қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі биыл 5 млн гектардан астам жер қайтарылды. Бұл жұмыс келесі жылы да қарқынды түрде жалғасады деді. Бірақ депутат Берік Дүйсембинов пен Азат Перуашев жұмыс сылбыр жүріп жатыр деп сынады. Сосын министрге ауылдарға бірге шығуға ұсыныс жасады. Министр Ербол Қарашөкеевтің айтуынша ведомство олигарх, әкімдердің меншігіндегі жерді халыққа қайтару жұмысын үдетеді. Оның бәрі арнайы платформада көрініп тұрады. Портал қаңтардан бастап іске қосылмақ.