Қ. Тоқаев қашан кадрлық өзгеріс жасайтынын айтты

«Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ. Шешімдерін баяу қабылдап жатыр». Сенат отырысында Президент осындай сын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгеріс жасамаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Қазір геосаяси ахуал ушыққан шақ. Соның кесірінен халықаралық дағдарыс күшейді. Бірақ, көштен қалған жоқпыз. Президент «экономиканың құлдырауына жол бермедік»,- деді. 11 айдың қорытындысы бойынша экономикамыз 3% өскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,5% ұлғайды. Алайда бәрі бес емес. Үкімет баяу қимылдайды. Бұл Мемлекет басшысының сыны.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр. Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда, таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ойлаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын.

Келесі жылы ЖІӨ өсімі кемінде 4% болуы керек. Ал ақшаға шаққанда 250 млрд долларға жетуі қажет. Президент қойып отырған талап осы. Одан соң Ұлттық банк пен Үкімет ырыққа көнбей кеткен инфляцияны ауыздықтауға тиіс. Әйтпесе экономиканы өркендету мүмкін емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Халықтың әл-ауқатын арттыру және елге инвестиция тарту қиынға соғады. Сондай-ақ, жаңа өндірістер салып, жұмыс орындарын ашу керек. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту өте маңызды. Әйтпесе, инфляцияның өсуінен азаматтарымыз үлкен зиян шегуі мүмкін. Денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне баса назар аудару қажет. Осы орайда, барлық жоспарымыздың орындалу барысын бақылауға алу керек. Соңғы кезде кейбір аймақтарда болған төтенше жағдайлар ел ішінде қордаланған мәселе көп екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу керек.

Үкіметтен Парламентке өтсек. Биыл бұл орган 150 заң жобасын қарап, 79 заң қабылдаған. Күшті Парламенті бар Президенттік республика жүйесіне көштік. Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды иеленуге тыйым салынды. Ал Президенттің өзі қызметін атқарған кезде ешбір партияға мүше болмайды. Мемлекет басшысы саяси күштердің бәрінен тысқары тұрады. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайлана алады. Яғни, билікті жеке-дара иеленуге жол берілмейді. Жоғары лауазым иелері ауысып отырады. Бірқатар өкілеттік Президенттен Парламентке, орталықтан аймақтарға берілді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламенттің рөлі және мәртебесі артты. Саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдеді. Аталған маңызды өзгерістер Конституцияға енгізілді. Не керек, биыл өзгерістің жылы болды.

Қ. Тоқаев: Біз қиындықтың бәрін еңсердік

Еліміз үшін жыл оңай болмады. Дегенмен біз қиындықтың бәрін еңсердік деді Президент. Алда енді Парламенттік сайлауы тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде сол науқанға айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Өзгеріс жалғаса береді.