Түркістанда Орталық Азия елдерінің Парламентаралық форумы өтті

Орталық Азия елдерінің мүддесі мен міндеті ортақ.

Сондықтан тығыз ынтымақтастық пен сенімге негізделген диалогты нығайту, сыртқы және ішкі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру өңірдің болашағын айқындайтын маңызға ие. Бүгін Түркістанда өткен Орталық Азия елдерінің 1-ші Парламентаралық форумында бес елдің сенаторлары осы мәселелерді талқыға салды. Сонымен бірге парламентаралық қатынастар тетігін қалыптастыру, ақпарат алмасу, мәдениетті насихаттау, басқа да өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Орталық Азия елдерінің 1-ші Парламентаралық форумы тұңғыш рет өткізіліп отырғандықтан оған қатысушы делегаттардың үлкен дайындықпен келгені аңғарылады. Себебі әлемдегі геосаяси шиеленістер ушығып тұрған кезеңде түбі бір, тарихы ортақ бауырлас елдердің ауызбіршілікте болғанын оларда қалайды. Сондықтан қазір Орта Азияға ынтымақ бәрінен қымбат. Ал бұндай салмақты жиынның Түркістанда өтуі тегін емес. Өйткені шаһардың Орталық Азия халықтары үшін мәдени де, тарихи да маңызы зор. Заң шығару органдарының өкілдері бас қосқан бірегей алаңда Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жылдар бойғы тату көршілік дәстүр бүгінгі күні парламентаралық байланыс форматында лайықты жалғасып келе жатқанын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бізді осындай ортақ тарихпен бірге бүгінгі тығыз қарым-қатынасымыз да байланыстырады. Біздің мемлекеттеріміздің басшыларының екіжақты және көпжақты кездесулерінде де осы мәселелер тұрақты түрде талқыланып келеді. Біз парламентаралық байланыс кезінде осы басымдықты дәйекті түрде ілгерілетуіміз қажет.

Алқалы жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан сияқты Орталық Азиядағы 5 елдің Парламент Палаталарының басшылары мен 50-ге жуық делегаттар қатысты. Форум барысында олар  парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттары мен біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Орталық Азияда әлі де шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Тараптар сол түйіткілдерді талқылап, түйінін тарқатуға тырысты. Атап айтсақ, көптен бері еліміздің Оңтүстігіндегі 3 млн-нан астам халықты мазалап келе жатқан трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, экологиялық және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты аймақтағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды.

Осы ретте айта кету керек, Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аңдандары ағын судың 80 пайызын көрші Өзбекстан Республикасынан алады. Жаз айларында судан тапшылық болып, шаруалар еккен егісіне тіршілік нәрін жеткізе алмай қиналады.

Бұл да көршілермен арадағы ынтымақтастық аясында шешілетін өзекті мәселе. 

Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының төрайымы:

- Осы форум шеңберінде қоршаған орнаны қорғау, су, энергетика ресурстарын ұтымды пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бойынша айтылған ұсыныстарды қолдаймыз. Осы бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін қажетті құқықтық жағдай жасау біздің міндетіміз.

Әлемде күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отырған кезеңде Орталық Азия елдерінің парламентаралық ынтымақтастықты дамытуы құптарлық қадам. Көрші елдермен арадағы еркін сауда айналымын жандандырып, өңірлік қауіпсіздікті нығайту, логистикалық жобаларды іске асыру және өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін арттыруға басымдық беру маңызды. Форумда сөз алған Қырғызстан жогорку кенешінің төрағасы Нұрланбек Шакиев заң шығарушы орган ретінде осы істі құқықтық тұрғыдан жүйелеу қажет екенін айтты. Себебі бұл салада да ортақ проблемалар жеткілікті. 

Нұрланбек Шакиев, Қырғызстан Жогорку кенешінің төрағасы:

- Өңіраралық еркін саудаға тосқауыл болатын тарифтік емес, кедергілерді алып тастауымыз керек. Оның ішінде шекарада тауарлардың негізсіз кедергіге ұшырауын жою маңызды. Орталық Азия елдері заң шығарушы органдарының ынтымақтастығы шекрадан тауар өткізуді жеңілдетіп, уақытты қысқартуға өз септігін тигізеді деп сенемін. Бұл өңірлердің арасындағы сауда айналымының дамуына ықпал етеді.

Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар парламентаралық қатынастар тетігін қалыптастыру, ақпарат алмасу, мәдениетті насихаттау, басқа да өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Мәдени-гуманитарлық бағыттағы жобаларды ілгерілету мәселесін талқылады. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Парламентаралық форум - бұған дейін мемлекет басшылары жасасқан келісімдерді іске асыру тетігі деп атап өтті.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осыған дейін Мемлекет басшылары өзара барыс келіс арқылы келісімдер жасалса, енді сол келісімдерді жүзеге асырудың бағыты қандай, бұған дейін ратификацияланған, қолға алынған құжаттарды қайта бір пысықтап, ескіргендері болса алып тастап, жаңаларын жаңғыртып, осы жұмыс істейтін нақты бір пәрменді құрылым жасауға бағытталған шара ғой.

Айта кету керек, бұл форум - Қазақстанның бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Енді ол Орталық Азия өңірін дамытудың стратегиялық бағыттарын парламентарийлер арасында талқылауға арналған тұрақты алаң болады. Сарапшылар өңірде шоғырланған елдердің ынтымақтастығы алдағы 10 жылда ерекше қарқынмен дамиды болжап отыр. Жиын соңында делегаттардың келісімімен Түркістан декларациясы қабылданды. Маңызы зор құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрініс тапқан.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш