Кореяда еліміздің үш азаматы ұсталды

Еліміздің Сыртқы істер министрлігіне Түркиядағы отандастарымыздан 1200 өтініш келіп түсті.

Бұл туралы бүгін ведомствоның баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады. Оның айтуынша, жер сілкінісі болған аймақтарда 190 қазақстандықтың орналасқан жері анықталды. Жергілікті дипломаттар біздің азаматтарды Ыстамбұл мен Анкара қалаларына жеткізді.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ Баспасөз хатшысы:

- Отанына оралуға ниет білдірген апат аудандарындағы 78 отандасымызды әуе кемелері Алматы және Астана қалаларына жеткізді. Осы борттармен Қазақстанға 24 Қырғызстан азаматы және 5 Түркия азаматы келді. Баспанаға мұқтаж адамдар Алматы мен астанада қонақүйге орналастырылды.

Сеулде 3 қазақстандық ұсталды

Сондай-ақ Айбек Смадияров брифингте Сеул қаласында ұсталған 3 қазақстандық жайлы ақпарат берді. Жарияланған мәліметтерге сүйенсек, олар шетелдіктерге заңсыз жолмен босқын мәртебесін алуға көмек көрсеткен. Әзірге Оңтүстік Кореяның құқық қорғау органдары Қазақстанның елшілігіне осы мәселеге қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ Баспасөз хатшысы:

- Ағымдағы жылғы 12 ақпанда 3 Қазақстан азаматы ұсталды. Олардың екеуі қамауға алынып, 3-нен мемлекеттен кетпеу туралы қолхат алынды. Қылмыстық іс жергілікті прокуратураға жолданды.