Талдықорғанда сайлауға қатысты көшпелі семинар өтті

Елде мәжіліс және мәслихат сайлауын өткізуге қатысты көшпелі семинарлар жалғасып жатыр.

Бұл жолғы жиын Жетісу облысында ұйымдастырылды. Басқосуда саяси науқанға дайындық барысы пысықталып, алдағы сайлаудың ерекшелігі түсіндірілді. Яғни биыл депутаттыққа үміткерлердің партия атынан және мажоритарлық жүйе негізінде сайланатындығы аталды. Соған сәйкес аймақтағы сайлау комиссиясы мүшелеріне түсетін жауапкершілік те артып отыр. Семинарда олардың атқаратын қызметі мен бақылаушылардың жұмысы жайлы мағлұмат берілді. Қатысушылар емен-жарқын пікір алмасып, біліктілігін жетілдірді. Айта кетейік Жетісу облысында 400 мыңнан аса адам дауыс береді деп жоспарланып отыр. 

Тимур Дәуітов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Семинар сайлау комиссиясы мүшелерінің кемшіліктерге жол бермеуіне әрі саяси науқанды бекітілген заңға сай өткізу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондықтан мұндай жиындар өте маңызды.