Қазақстан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» конференциясына қатысты

Су ресурстарын сақтау бойынша ынтымақтастық, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және Орталық Азияның тұрақты дамуы.

Осы және өзге де мәселелер Рим конференциясында талқыланды. Сессия жұмысына Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев бастаған делегация  қатысады. "Жасыл экономикаға" көшуді жеделдету бойынша біздің өңірдің мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Нұрлан Қапенов, "Qazaq Green" ЖЭК қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Бүгінде Қазақстанда 130-ға жуық "жасыл энергетика" нысаны жұмыс істейді және электр энергиясының жалпы балансынан 4,5 пайыз "жасыл энергия" өндіріледі. Орталық Азия елдеріне "жасыл энергетиканы" ғана емес, жалпы энергетиканы дамыту үшін бірігу қажет. Сонда электр энергетикасы саласындағы мәселелерімізді жою үшін шешімін таба аламыз.

Владислав Бизек, ЕО Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі сарапшысы:

- Халықтың тығыздығы аз және керісінше кең далалы аймағы көп елдер жаңартылатын энергия көздерін қолдануға дайын. Ал Еуроодақ елдерінде халықтың тығыздығы әлдеқайда жоғары. Бұл кедергі. Мысалы, жел станциялары елдімекендерге өте жақын салынады. Ал жұртшылық мұндай станцияларға қарсы.