Финляндия елордада виза хабын ашады

Финляндия елордада виза хабын ашады

Финляндия Астанадағы өз елшілігі жанынан Орталық Азия елдерінің азаматтарына қызмет көрсететін виза хабын ашады.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі Вилле Скиннаридің кездесуінде белгілі болды. Финляндия - Солтүстік Еуропа мемлекеттері арасында экономикамызға ең көп инвестиция әкелген елдердің бірі.  Мемлекет басшысы фин кәсіпкерлерінің Қазақстанға қаржы құюына барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Вилле Скиннари екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әлеует мол екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстан мен Финлянлияның өзара ықпалдастығын нығайтуға бағытталған сапарыңыздың маңызы зор. Өз басым серіктестігімізді одан әрі дамытудың мүмкіндіктері мол деп ойлаймын. Финляндия Президенті Саули Ниинистьёге дұғай сәлем айтыңыз және біз оның Қазақстанға келуін күтіп отырғанымызды жеткізе барыңыз. Соңғы рет 2019 жылы Нью-Йоркте БҰҰ-дағы бас ассамблеядағы кездесуіміз жылы естеліктерге толы болды. Әріптестігіміздің аясын кеңейту мүмкіндіктері мол. Оның ішінде сауда, инвестиция мәселелері бар. Сондықтан бұл жолғы сапарыңыздың мәнісі зор деп білемін.

Вилле Скиннарид, Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі:

- Президент мырза екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге атсалысып жатқан Үкімет басшысы мен министрлерге зор алғысымды білдіргім келеді. Президент Саули Ниинистьё атынан сәлем жолдаймын. Ол кісіге сізбен кезедсетінім туралы айтанымда қуанып қалды. Қазіргідей геосаяси жағдайда сыртқы саясатты жүргізудегі қарым-қабілетіңіз бен еңбегіңізді жоғары бағалаймыз.