Мемлекет басшысы Сенат Төрағасын қабылдады

Сенат Парламенттегі қызметі басталғаннан бері 21 заңды қабылдады.

Оның ішінде еңбек дауларын шешу, цифрлық активтер және Салық кодексіне қатысты заңдар бар. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев хабарлады. Қазір жоғарғы палата 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау, Әлеуметтік кодекс, әкімшілік реформа, адам құқықтары және азаптаулардың алдын алу сынды заң жобаларын қарастыруды жоспарлап отыр. Кездесуде сот жүйесін реформалау және процессуалды заңнаманы жетілдіру жұмыстары жайлы да айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту жөніндегі реформаларды одан әрі қолдауға бағытталған заңнамалық қызметті жалғастыру қажет екенін атап өтті.