Ә.Смайылов Алматыда салынып жатқан жұқпалы аурулар ғылыми орталығына барды

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары барысында жаңадан бой көтеріп жатқан жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығына барды.

350 төсек-орындық нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Онда стационардан басқа, ғылыми-зерттеу және оқыту орталықтары, зертханалар, медициналық университеттердің кафедралары да орналасатын болады. Бұл ретте, Үкімет басшысы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын 2 млрд адам жұқпалы дертке шалдығып, 50 млн-нан астамы қайтыс болатынын атап өтті. Сондықтан, мұндай кешеннің маңыздылығы зор. Заманауи орталық - аса қауіпті сырқаттар мен өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Мынау инфекция қызметін жетілдіру, нығайту мәселесі өте өзекті мәселе болып қала береді. Самұрық қазына қоры 350 орынға арналған арнайы осы ұлттық ғылыми жұқпалы аурулар бойынша орталықты салу жобасын қаржыландырды.

Әкімшілік өз тарапынан барлық негізгі мәселелерді шешіп, уақытында бұл жобаны іске асыруды қамтамасыз ету керек. Үкімет өз тарапынан да тиісті қолдауды көрсетеді. Жаңа сіз көтерген мәселені бірге шешетін боламыз.

Сондай-ақ Үкімет басшысы құрылысы жүріп жатқан тағы бір нысан - оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығына барды. Онда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер білімдерін шыңдайды. Премьер-министр жаңа спорт кешенін де аралады. Нысан қайырымдылық бастамасы аясында салынған. Әлихан Смайылов, осындай әлеуметтік жобаларға жеке инвестицияларды тарту аса маңызды екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін осындай орталықтардың болуы зор мүмкіндіктер береді. Жеке бизнестің әлеуметтік жобаларға инвестиция құйғандары құба-құп. Орталық бұқаралық спорттың дамуына да септігін тигізіп, салауатты өмір салтын насихаттайды. Сол себепті мұндай жобалар өте маңызды.