Қазақстандағы шетелдік дипломаттар сайлауды талқылады

Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары еліміздің парламент мәжілісі мен мәслихаттарға сайлауды талқылады.

Басқосуда елшілер азаматтардың оған белсенді түрде қатысуының маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл сайлау мен саяси инстиуттардың өкілеттігін нығайтады. 

Роберт Кирнаг, Словак Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Аралас сайлау жүйесі саяси доданы тартымды етеді. Адамдар өз кандидаттарын тікелей таңдап, саясатпен айналысатындар үміткер ретінде тіркеле алады. Бұл азаматтардың сайлауға қатысуына оң әсер етеді. Сіздер білесіздер демократия аялап қолдау мен дамытуды қажет еді. Бұл процесс ешқашан тоқтамайды. Яғни оны жетілдіруге мүмкіндік мол.

Алан Уилфред Хэмсон, Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Әр елде сайлау жүйесі әртүрлі. Ол мемлекеттің орналасуы мен қоғамға байланысты болады. Сондықтан мына үлгі дұрыс деп кесіп айтуға келмейді.   Менің ойымша еліңіздегі сайлау өте тартысты өтеді. Білуімше оған саясатта тәжрибесі мол түрлі сала өкілдері қатысады.  

Шараға қатысушылар сайлау парламенттің ықпалын арттыратынын айтып отыр. Ал үміткерлердің көптігі бәсекелістікті күшейтіп, тың ұстанымдардың пайда болуына әкеледі дейді. 

Дэниел Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз елде қолға алынып жатқан реформаларды қолдаймыз. Бұл сайлау парламенттің ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. Бірақ оған заң шығарушы орган мүшелерінің жеке дербес ұстанымы болса ғана қол жеткізіледі.

Рубем Антонио Корреа Барбоза, Бразилия ФедеративтіК Республикасының қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Сайлау - қалыпты демократиялық процесс. Ол азаматтарға парламентке өзі сенім артатын өкілдерін қайта сайлауға немесе жаңа көзқарасты буынның келуіне мүмкіндік береді. Осылайша елдің дамуына қолдау көрсетіледі. Президент Тоқаев реформа арқылы осыған қол жеткізуді көздеп отыр деп ойлаймын.