Президент Жолдауы саяси серпілістің басы болды

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауына 1 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр дәл осы 16 наурыз күні саяси өзгерістерге арналған тұңғыш Жолдау жарияланды. Бұл құжат саяси серпілістің басы болды. Азаматтардың белсенділігі артып, қоғам ісіне араласушылар қатары көбейді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын қалыптастыруда жыл бойы тоқтаусыз жұмыс жүрді. Алда өтетін Парламент Мәжілісімен барлық деңгейдегі маслихат сайлаулары – сол үлкен еңбектің жалғасы.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бәрімізге белгілі, былтырдан бері жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз. Негізі қаланды. Барлық салада реформа басталды. Соның ішінде мен саяси өзгерістерге тоқталайын.

Бір жылда не болды? 1995 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық референдум өтті. Ата Заңдағы тоғыз тараудың сегізіне, 98 баптың 33-іне түзету енгізіліп, басты құжаттың үштен бірі жаңартылды.

Президент сайлауы өтті. Енді Мемлекет басшысы 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланады. Әрі саяси партияның мүшесі бола алмайды. Туыстары қызметке тағайындалмайды.

Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі де өзгерді. Олардың өкілеттігі күшейді. Конституциялық сот құрылып, жұмысын бастады. Саяси партияларды тіркеу жеңілдетілді. Нәтижесінде 2 жаңа партия тіркелді. Ал 19 наурызда аралас жүйе, яғни партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланады. Бізде аралас жүйе бойынша сайлау соңғы рет 2004 жылы өткен. Содан бері партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмай келді. Жүйе биыл өзгерді.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

- Партия мен бір мандатты оукругтер сайланған депутаттың ортасында үлкен бәсекелестік болады. Себебі екеуі де – біреуі партия үшін, біреуі аймақ үшін– бір-бірімен бәсекелеседі. Одан кейін Парламентке келген депутаттар мынаны ұмытпау керек: оларды кері қайтару механизмі соларға қатысты болады. Яғни, оларды кейін әсіресе бір мандатты округтер сайланғандарды халық оларды қайтарып алады. Ол жұмысқа қатты әсерін тигізеді. Егер депутат аймақпен тығыз дұрыс жұмыс істемесе. Бұл механизм бірінші рет болады, осы жаңа сайланған Парламент бойынша. Осының барлығыбылтырғы 16 наурызда айтылған Жолдауда айтылды.

Ерлан Ахмеди, сарапшы:

- Бұл Жолдау тарихта тұңғыш рет тек осы саяси жүйені жаңғыртуға, яғни демократиялық құндылықтарды біздің саяси жүйемізге енгізу бағытындағы үлкен осындай құжат болған.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин: «саяси реформалар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту ісіне тың серпін берді», - деді. Соңғы бір жылда елде азаматтардың белсенділігі артқан. Сарапшы елдің саяси сахнасы түрленгенін айтады.

Ерлан Ахмеди, сарапшы:

- Бұл саяси процеске бұрындары билікті сынап жүрген азаматтар да қатысып келе жатыр. Аттарын атамай-ақ қояйық. Бірақ олардың бұл саяси процеске қатысуы, демек мемлекет тарапынан жалпыға, азаматтардың барлығының мүддесін ойлайтындай ұсыныстар жасалынды деген сөз. Бұл да – үлкен нәтиже. Яғни, жүйеден тыс жүрген оппозиция, жүйенің ішінде жүрген оппозиция осы ойын шартын қабылдап, өздері қатысып отыр.

Жоғарыда атағанымыздың бәрі – бір жылда жүзеге асқан реформалар. Яғни, былтырғы 16 наурыздағы Жолдауда айтылды. Бүгінге дейін орындалды. Не керек, мәре көріне бастады.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Саяси трансформацияның соңғы кезеңіне де келіп қалдық. Алдағы сайлау –шешуші қадамдардың бірі. Сарапшылардың айтуынша, Үкіметтің қайта жасақталуымен саяси реформаға нүкте қойылмақ. Сөйтіп, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құрылады. Әсілінде жаңа Қазақстан деген – сол.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ақылбек Есемсейітов, Артур Горшняков, Тастан Дархан.