Сенаторлар 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасын мақұлдады

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәлімдеуінше, Президенттің бастамалары мен өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде берілген тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінеді.

Мәселен, ел аймақтарында жылумен жабдықтау жүйелерін салу және жөндеу жұмыстарына 144 млрд теңге қарастырылған. Қорғаныс және азаматтық қорғау саласына 126 млрд теңге беріледі. Ал тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйақылар төлеуге 92 млрд көзделген.

Экономиканың нақты секторлары мен әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайды. Маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге трансферт жасалады. Ұлттық экономика министрлігінің жариялаған мәліметтеріне сүйенсек, биыл бюджет кірісі 404 млрд теңгеге ұлғаймақ. Оған салықтық және кедендік әкімшілендіру процестері ықпал етті. Шығын көлемі де 1,5 трлн-ға ұлғаяды деген жоспар бар.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

- Биылғы республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғая отырып, 19,3 трлн теңгені құрайды. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде сақталды.  Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жалпы, шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңгені құрады және келесі басым бағыттарды қамтиды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың хабарлауынша, соңғы 5 жылда республикалық бюджеттің табысы 66%-ке ұлғайып, шығындары 120%-ке артқан. Ұлттық қордағы қаражат көлемі де азайды. Осы орайда спикер Үкімет мүшелерін алдағы уақытта ел қазынасын үнемдеуге шақырды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Соңғы 8 жылда Ұлттық қордың активтері 73 млрд-тан 57 млрд-қа дейін азайды. Ал Мемлекет басшысы, керісінше, қордағы қаражат көлемін 100 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырған. Сол себепті бұл мәселені қатаң бақылауға алу керек. Тек стратегиялық маңызы бар жоспарларға ғана ақша бөлген жөн.